05 желтоқсан 2016 09:27

Сапарбаев: Құлымбетов - өз елінің өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен бірегей мемлекетшіл тұлға

ПОДЕЛИТЬСЯ

Ақтөбе облысы әкімі Бердібек Сапарбаев өткізілген "Ұзақбай Құлымбетов және Қазақстан мемлекеттілігі" атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында Ұзақбай Құлымбетовті ұлықтау мақсатында қандай іс-шаралардың атқарылғанын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Ақтөбе облысы әкімі Бердібек Сапарбаев өткізілген "Ұзақбай Құлымбетов және Қазақстан мемлекеттілігі" атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында Ұзақбай Құлымбетовті ұлықтау мақсатында қандай іс-шаралардың атқарылғанын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Республика жұртшылығы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің  25 жылдығын ұлан-асыр той қылып өткізуде . Бұл той - бабаларымыз арман еткен Тәуелсіздікке тағзым ету, сан ғасырлық қиында қитығы мол баба тарихымыздан тағылым алу. Осы мереке аясында облыс әкімдігінің 2016 жылғы 19 ақпандағы қаулысымен көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, жерлесіміз Құлымбетов Ұзақбай Желдірбайұлының туғанына 125 жыл толуына орай кешенді іс-шаралар өткізу белгіленіп, олардың бірқатары іске асырылды", - деді облыс әкімі.

Атап айтқанда, облыс әкімінің айтуынша, Ұзақбай Желдірбайұлының өмірі мен қызметі туралы облыс аумағында өлкетанушы Б.Мырзабай бастаған ынталы топ 10-нан аса тарихи-танымдық, кездесу кештерін, оқырман конференциясын, лекция-сабақ, дөңгелек үстелдерді ұйымдастырып өткізді. Жергілікті телеарналарда 7 танымдық хабар, телесұхбаттар беріліп, газет беттерінде 20-ға жуық ғылыми мақала, естеліктер, сұхбаттар жарияланды.

Сонымен қатар, әкім Құлымбетовтің қарапайым ауыл мұғалімінен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы дәрежесіне дейін көтерілген, тоталитарлық жүйенің тар қыспағында жүріп, өз елінің өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен бірегей мемлекетшіл тұлға екенін атап өтті.

"Республика басшылығында болған 1925-1937 жылдары Ұзақбай Құлымбетовтің тікелей бастамасымен Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Орал қалаларында мұғалімдер даярлайтын институттар ашылып, Республика астанасы Қызылордадан Алматыға көшірілді. Екібастұз, Атбасар комбинаттары қалпына келтіріліп, Жетіқара, Аққарға, Бозбие, Қазаншұңқыр алтын кеніштері қазақ еліне қайтарылды. Елек тұз өндіру, Ембі мұнай кәсіпорнының қуатын арттыру, мұнай өңдейтін зауыт салу, мал, егін шаруашылығын дамыту, тері және жүн өнімдерін өңдеу, тоқыма кәсіпорнын салу туралы бағдарламалар жасалып, оларды іске асыруға бар күш-жігерін, білімін жұмсады", - деді Сапарбаев конференцияда.

Сонымен қатар, әкімнің айтуынша, Құлымбетов көрнекті білім және мәдениет қайраткері Темірбек Жүргенов сияқты маман кадрлардың, халық ақындары Жамбыл Жабаев пен Тұрмағамбет Ізтілеуовтің, жалпы мәдениет пен өнер адамдарының шығармашылықтарына кең жол ашып, ерекше қамқорлық жасаған. "Өкінішке орай, осындай қарымды да қабілетті тұлға 1937-38 жылдардағы саяси зобалаңның құрбаны болды. Кейбір аға ұрпақ өкілдері мен Ұзақбай Желдірбайұлының өмірін, тарихи тұлғасын зерттеп жүрген ғалымдарымыз болмаса жалпы жұртшылық, кейінгі жас ұрпақ мұның бәрін біле бермейді. Бұл конференцияны өткізудегі мақсат - Ұзақбай Құлымбетов сияқты айтулы тұлғаның рухына тағзым ету, тар қыспақта жүріп халқының болашағы үшін құрбан болған  оның өнегелі өмір жолын жалпы жұртшылыққа насихаттау,кейінгі жас ұрпаққа үлгі ету", - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Сапарбаев конференцияны ұйымдастырып өткізуге бастамашы-мұрындық болған Әбжанов Қангелді Махмұтұлы бастаған Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғалымдарына, Құлымбетов Ұзақбай Желдірбайұлының ұрпақтарына алғыс білдірді.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.26   490.7   4.83 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети