1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Сапарбаев Түркістан облысында Әл-Фарабидің мерейтойын атап өтуге дайындық жөнінде кеңес өткізді26 қазан 2019, 16:52

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтік жұмыс тобы Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып қайтты. Бұл туралы Primeminister.kz сайтында хабарлады.

Топ құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, мәдениет және спорт, ақпарат және қоғамдық даму вице министрлері кірді.

Оңтүстік өңірге келудің негізгі мақсаты - Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының негізгі міндеттерін түсіндіру, тұрғындармен кездесулер өткізу, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныстыру, азаматтардың өзекті мәселелерін шешу.

Вице-премьердің жұмыс сапары ұлы ғалым Әл-Фарабидің отаны - Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында басталды, онда делегация Мәдениет сарайының күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. "Ауыл – бесігі" жобасы аясында Сарайды реконструкциялауға 262,9 млн теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары осы жылдың тамыз айында басталды. Бүгінде мұнда су және кәріз жүйелері жүргізілген, әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін нысанды пайдалануға беру жоспарланған.

Вице-премьер ғимаратты қарап шығып, жобаға бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізуді тапсырды, сонымен қатар мұнда заманауи қасбетті жасаудың маңыздылығына назар аударды. Ең бастысы - құрылыс жұмыстарының сапасы, кәсіби сәулетшілерді тарту.

"Мердігерлердің жұмысы жоғары сапалы болуы қажет, оны бақылау керек. Себебі мұнда халықаралық конференциялар өтеді. Шетелдік қонақтар болады. Ең бастысы –ғимараттың сыртқы келбеті. Мұны заманауи стандарттарға сәйкес жасау керек. Қазақы ұлттық нақыштағы жақсы дизайн қажет", - деді Бердібек Сапарбаев.

Одан әрі Премьер-Министрдің орынбасары аудан орталығындағы алаңда орналасқан Әл-Фараби ескерткішінің жай-күйімен танысты.

Отырар археологиялық мұражай-қорығына барғаннан кейін, Бердібек Сапарбаев мұнда бірқатар жөндеу жұмыстарын өткізудің қажеттігін атап өтті.

Келер жылдың күзінде Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы ауқымды түрде тойланады. Салтанатты шараға келген қонақтар мен туристер мәдени нысандарды аралап, тарихымызбен танысады.

Содан кейін вице-премьер жаңадан салынған визит орталығында жергілікті зиялы қауыммен, тарихшылармен, ғалымдармен кездесу өткізді.

Кездесуде Әл-Фарабидің мерейтойын атап өтуге дайындық жұмыстары талқыланды, жергілікті тұрғындар мен ғалымдардың пікірлері мен ұсыныстары айтылды.

"Өзгелер қазақта өнеркәсіп, ғылым, сауда саттық деген болмаған, көшпенді халық болған деп айтып жатады. Біз өзіміздің мәдениетіміздің жоғары болғанын осы Отырардан бастап көрсетуіміз керек. Отырардағы музейді қалпына келтіріп, ішіндегі жәдігерлерді жөндеуіміз керек. Келген қонақтар, шетелдіктер VIII-IX ғасырда қазақтар қалай өмір сүрді, немен айналысты деген дүниелермен танысуы керек. Оларды қандай дүниелермен таңғалдыра аламыз, соны ойлану керек", - деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.