Сарыағашта тоғыз жасар бала соқырішекпен ауруханаға түсіп, мүгедек болып қалды, - деп хабарлайды КТК.
Сарыағашта тоғыз жасар бала соқырішекпен ауруханаға түсіп, мүгедек болып қалды, - деп хабарлайды КТК.
Алғаш отасы былтыр маусым айында болған Нұртас Балтабайұлына содан бергі жеті айда жеті мәрте операция жасалған. Екінші ота кезінде дұрыс наркоз берілмей, басындағы тамырлары жарылып кеткен ұл содан бері көзі көрмей, тілден де қалыпты. Жасанды комаға түсірілген бала түтікшемен тамақтанып, екі есе салмақ тастаған. Ұлының күнгейде аяғынан тұрып кетуінен күдерін үзген анасы, Нұртасты Алматы, не Нұр-Сұлтанға жеткізуін талап етеді.
Зәкира соңғы жеті айда ұлынан бір сәт ажырамайды. Себебі, төсекке таңылған бала мүлдем қимылсыз. Сарыағаш ауданының тұрғыны Нұртас Балтабайұлы маусым айында соқырішегі жарылып ауруханаға түскен. Бірінші отадан кейін сөйлеп жатқан баланың ота жасаған жері қабынып, екі тәуліктен соң тағы операцияға алынады. Нағыз азап осыдан кейін басталған.
"Екінші операцияда наркозды дұрыс бермеді. Миының тамырлары, артқы ми тамырлары жарылып кеткен. Басы екі есе үлкейіп, мен жан сақтау бөліміне кірген кезде ұлымды танымай қалғанмын. Көздері атыздай болып бадырайып, шарасынан шығып кетейін деді", - дейді Нұртастың анасы Зәкира Әбенова.
Биыл үшінші сыныпқа баруы тиіс Нұртас оқуда үздік, мектептегі іс-шараларда да белсенді болыпты. Енді зерек бала аяқ-қолы тырысып, айналада болып жатқан тірлікті қабылдаудан қалған. Анасы минут санап, мұрны арқылы тәртіппен тамақ беріп отыруға мәжбүр.
"Түркістан облысынан шығып, Нұр-Сұлтанға барсам екен. Астананың аты Астана. Неше мемлекеттен дәрігерлер келеді. Біреуі болмаса, біреуі консилиум жасап, көмек болып қала ма екен. Мысалы, басына операция болған жоқ", - дейді анасы.
Сарыағаш ауруханасы санитарлық авиация арқылы мықты деген дәрігер-хирургтарды алдырыпты. Олар консилиум өткізіп, баланы Алматыға апару керек деп шешкен. Тек оған 30 келіден 16 келіге дейін азып кеткен Нұртас салмақ жинап, ішіндегі жаралары бітуі керек.
"Кешегі республикалық санавиациядан келген дәрігерлердің айтуы бойынша, ұзақ уақыт реабилитациялық іс-шаралар жүргізілуі керек. Оған баламызға қазір стома тұруына байланысты бірінші соны жауып, кейін баланы реабилитацияға өткізуіміз керек. Стоманы жабу туралы біз облыстық балалар ауруханасынан кеңес алып, қазір сол жаққа ауыстыруға құжат дайындап жатырмыз", - дейді Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бауыржан Оспанов.
Бас дәрігердің орынбасары кінә әріптестерінен екенін жасырмайды да. Бұл бойынша облыстық денсаулық сақтау департаменті тексеріс жүргізіп, 5 дәрігерге қатысты түрлі шара қабылдапты. Бірақ алғашқы екі отаны жасап, басты кінәлі делінген хирург Абай Түймебаев бірнеше айдан кейін өз еркімен жұмыстан кетіп, басқа ауруханада жұмыс істеп жүр.
Сау баланы мүгедек етті деген ата-ана дәрігерлердің үстінен полицейлерге жаздан бері арыз жазып келеді. Бірақ белгісіз себептермен "іс жабыла берді" дейді. Соңғы шағымды Нұртастың анасы бір ай бұрын Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жазыпты. Бірақ, бұл жолы да "іс жабылып кетуі мүмкін" деп қауіптенген баланың туыстары мән-жайды прокурорлар қадағаласын деп отыр.
Дереккөз: КТК