Талғар маңындағы "Спутник" лагерінен 515 адам эвакуацияланды 25 шілде 2015, 16:47

"Спутник" лагерінен 515 адам эвакуацияланды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
"Қазірге дейін "Спутник" лагерінен 515 адам эвакуацияланды, олардың 400-і балалар, 115 ересек адам бар. Олар тау жаққа, жоғарыға эвакуацияланды. Ол жақта өздерінің бөлімшелері бар. Өзен арнасындағыларға хабарландыру айтылды", - деді ТЖД өкілдері.
Осыған дейін Талғар өзенінің жоғарғы жағында тұратын адамдарды эвакуациялау басталғаны хабарланған болатын. Өзеннің гидропосттан төменгі ағысында шығын секундына 27 текше метр болды. Айта кетейік, қауіпті шығын - секундына 45 текше метр.
Сонымен қатар, тұрғындарға гидрологиялық иммараттан су тасқыны болатыны жөнінде SMS-хабарламалар жіберіліп жатыр. "25.07.2015ж. Алматы обл., Талғар аңғарында жаңбырлы сел болу қаупі бар", - деп жазылған хабарламада.