Теміртаудағы ауруханада қайтыс болған сәбидің анасы оқиға жайлы айтып берді

06 Қаңтар 2018, 09:38
1
Теміртаудағы ауруханада қайтыс болған сәбидің анасы оқиға жайлы айтып берді - КТК телеарнасынан алынған кадр
КТК телеарнасынан алынған кадр

Қарағанды облысында қаңтар басталғалы осымен екінші бала ауруханада көз жұмды, - деп хабарлады КТК.

Телеарнаның мәліметінше, Теміртауда 1 жарым жасар сәби дәрігерлердің қолында шетінеп кеткен. Қызуы көтеріліп, ауруханада жарты күн жатқан кішкентай Асланның өміріне дәрігерлер араша түсе алмаған. Ата-анасы баланың денсаулығына бей-жай қараған дәрігерлер кінәлі деп отыр. Өйткені олар көз алдарында әлсіреп бір тәулік жатқан балаға ем табуға тырыспаған көрінеді. Ақ халаттылар ауруханада ажал құшқан бүлдіршін тағамнан уланды дегенді айтады. Енді дәрігерлердің сол күнгі әрекетіне баға беретін комиссияның тексерісі басталды.

"Жайдарлы жанұя жаңа жылды қарсы алғанда, 2 күннен кейін қайғырарын білмеген. Қаңтардың  3-не қараған түні бүлдіршіннің іші өтіп, қызуы көтеріліп, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Тамақтан уланды деп, іш құрылысы тазаланыпты. Бірақ баланың беті бері қарамақ түгілі, одан сайын әлі құрыған. Уайымдаған анасының қайта-қайта дәрігерді шақыртуын да ешкім елемеген, - деп хабарлады телеарна.

Асланның анасы Мақпал Жарылқасынованың айтуынша, баланың қол-аяғы мұздай бастаған.

"Қол-аяғы мұздағаннан кейін көңілім біртүрлі болды да, медбикені шақырдым. Ұстап көрген де жоқ. Бірдеңе істеңізші, система қойыңдаршы деп жыладым", - деді ол.

Алайда мейірбике "оның емі тек су, ары қарай да аузына су тамыза беріңіз", деп кете барған. Сұмдықтың басы да осы болғандай.

"20 минуттан кейін баланың түріне қарасам көзі аларып жатыр. Қол-аяғы мұздай, сосын қолыма көтеріп алып коридорға жүгіріп шықтым", - деді Мақпал Жарылқасынова.

Қатты айғай мен баланың түрінен шошыған мейірбике аспалы укол салатын дәрігерді іздеп сабылған. Ұялы телефонына хабарласып жатып, әрең жеткен дәрігер баланы жансақтау бөліміне әкетіпті. Алайда сұлық жатқан Асланның кеудесінен жан кете бастаған екен. Сәлден кейін бастарын салбыратып кеп көңіл айтып, кешірім сұрапты. Айтуларынша, барлық ем-домға қарамастан баланың демі күрт үзілген.

Теміртау қалалық орталық ауруханасының директоры Самат Кенжебаевтың айтуынша, емдеу хаттамасына сәйкес ем-домның барлығы ереже бойынша жүрді.

"Бала өздігінен су ішіп жатқан соң  аспалы уколды бірден қоймаған. Денсаулығының күрт нашарлап кетуіне не себеп болғанын қызметттік тексеріс анықтайды. Баланың анасын да түсінемін, жіті тексерістің нәтижесін жасырмай айтатын боламыз", - деді ол.  

Желтоқсанның 31-інде Қарағанды қаласының жұқпалы аурулар ауруханасында 3 жастағы Айзере Қаһарманова көз жұмған еді. Дәрігерлер баланың уланғанын айтты. Содан арада 3 күн өтпей шетінеген  теміртаулық сәбиге де сондай диагноз қойылып отыр. Енді осы екі жағдайға байланысты қызметтік тексеріс жүргізіліп, қортындысы құқық қорғау органдарына жолданатын болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Теміртаудағы ауруханада бір жарым жасар сәбидің қайтыс болғанын хабарлаған едік. Сәби 3 қаңтарда орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне түскен. Оған ішек инфекциясы мен асқазан-ішектік қабыну диагноздары қойылған.

Дереккөз: КТК.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (1)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай