12 наурыз 2018 11:27

Тоқмәдидің ісі: ҰҚК экс-төрағасы Нартай Дүтбаевтан жауап алынады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Нартай Дүтбаев. Нартай Дүтбаев.

Таразда 8 наурызда облыстық ауруханадан қашып кетпекші болған Мұратхан Тоқмәдиге қатысты сот отырысы  жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Таразда 8 наурызда облыстық ауруханадан қашып кетпекші болған Мұратхан Тоқмәдиге қатысты сот отырысы  жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Судья отырыс басталғанда сотталушыға бірнеше сұрақ қойды.

"Сіздер барлығыңыз сотталушының қашып кеткені жайлы білесіздер, осыған байланысты бірнеше сұрақ қойғым келеді. Қашуға не себеп болды? Сізден заңсыз түрде жауап алмақшы болғандар болды ма? Осыған дейін берген жауаптарыңызды растайсыз ба?", - деп сұрады судья Азамат Тілепов.

Мұратхан Тоқмәди бұл сұраққа жауап ретінде тек осыған дейін берген жауаптарын растайтынын және оған ешқандай да қысымның көрсетілмегенін мәлімдеді.

Сондай-ақ, сот отырысы барысында мемлекеттік айыптаушы ҰҚК экс-төрағасы Нартай Дүтбаевтан куәгер ретінде жауап алуды сұрады.

"Нартай Дүтбаевтың осы қылмыстық іске тікелей қатысы бар деп ойлаймын. Осы кісіден видеоконференция арқылы жауап алуды ұсынамын. Мемлекеттік құпияны сақтау мақсатында БАҚ өкілдерінсіз жауап алуды сұраймын", - деді прокурор.

Сот сағат 11.30-да Дүтбаевтан БАҚ өкілдерінсіз жауап алу туралы шешім қабылдады. Ал сағат 15.00-де тараптарды тыңдау процесі өтеді. Онда кейбір БАҚ өкілдері қатыса алады.

Еске сала кетейік, 8 наурызда әлеуметтік желілерде Мұратхан Тоқмәдидің қашып кеткені жайлы мәлімет таралған еді. "08.03.2018 жылы кешкі 19.30 бен 20.00 арасында Тараздағы облыстық ауруханадан Мұратхан Тоқмәди белгісіз бағытта қашып кеткен, ол адам өлтірді деген айыппен қамауда болған. Ол тізеге дейін түсетін қара күрте мен джинс киген, аяғында не туфли, не кроссовка болған", - делінген еді хабарламада. Бірақ бизнесмен кейінірек ұсталып, ҰҚК оның ұсталуына қатысты пікір білдірген еді.

Сондай-ақ, осыған дейінгі сот отырысында бизнесмен өз кінәсін мойындаған еді.

Мұратхан Тоқмәди былтыр 12 маусымда ұсталған болатын. Алматыда арнайы қызмет "Депутаттық корпус" атты қылмыстық топты ұстау бойынша операция өткізген еді. БАҚ-та шыққан ақпарат бойынша, бұл қылмыстық топты "ҚазШыныҚұрылыс" зауытының иесі Мұратхан Тоқмәди басқарған. Сондай-ақ, прокуратура мәліметінше, оның үйін тінту кезінде қару-жарақ пен оқ-дәрі табылған. Ал таяуда бизнесменге қатысты үкім шыққан. Мұратхан Тоқмәди 3 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.77   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети