01 қазан 2014 15:57

"Нұрлы жол" жобасында Ақтау зауытының өнімі қолданылады - Назарбаев

ПОДЕЛИТЬСЯ

©Тұрар Қазанғапов ©Тұрар Қазанғапов

Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысындағы бірқатар кәсіпорынды аралап, Ақтау портын кеңейту жобасымен танысты және этнографиялық автоэкспедиция қатысушыларымен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың сайтына сілтеме жасап.


Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысындағы бірқатар кәсіпорынды аралап, Ақтау портын кеңейту жобасымен танысты және этнографиялық автоэкспедиция қатысушыларымен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы "CaspiBitum" БК" серіктестігін аралау барысында оған зауыт жұмысының негізгі бағыттары мен кәсіпорын шығаратын битумның жол құрылысында қолданылуы туралы баяндалды.

Қазақстан Президенті қытайлық серіктестердің жобаны табысты жүзеге асырудағы үлесін атай отырып, оның алдағы уақытта кеңейе түсетініне сенім білдірді. Мемлекет басшысы зауыт өнімдері Қазақстанның елордасын республиканың өзге қалаларымен, сондай-ақ шетелдермен жалғауы тиіс "Нұрлы жол" автокөлік жолы жобасын жүзеге асыру үшін де қажет болатынына назар аударды.

Жыл сайын Қаражамбас кенішінен 1 миллион тонна мұнай өңдеуге есептелген зауыт жыл басынан бері жол құрылысына арналған 125 мың тонна  битум өндірді. Бұл өнім "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" халықаралық автокөлік дәлізі мен республикалық маңыздағы автожолдардың құрылысына пайдаланылады. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Парсы шығанағы елдеріне дейін көлік бағыттарын салу бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар Жібек жолының қазіргі заманғы көрінісі екенін атап өтті. 

Президент Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту жобасын жүзеге асыру барысымен де танысты. Жобаға сәйкес, қуаты жылына 1,5 миллион тонна болатын астық терминалын, сондай-ақ негізгі жүктер мен контейнерлерге арналған, қуаты жылына 1,5 миллион тонна болатын екі терминал салу есебінен порттың жүк ауыстырып тиеу мүмкіндігін жылына 19,5 миллион тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде порттың жалпы алаңы 22 гектарға ұлғаяды. Құрылыстың бірінші кезеңін 2014 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланған.

Мемлекет басшысына сондай-ақ Каспий теңізіндегі порттың, транскаспийлік бағыттың және Маңғыстау облысының көлік торабының инфрақұрылымын дамыту турасында баяндалды.

Сонымен қатар, еңбек ұжымының өкілдерімен әңгімелескен Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның теңіз қақпасы ретіндегі маңызы өсе беретін портқа мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отырғанын айтты.

"Астраханьда өткен саммитте Каспий маңы мемлекеттерінің басшылары тарапынан Каспийдің экологиясын сақтау және осы су қоймасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін қамтитын көптеген жайттар шешілді. Осының бәрі ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған және ол бүкіл Каспий маңы өңірінің әрі қарайғы дамуына серпін береді,- деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Ақтау қаласының жағалауында "Менің елім. Каспийден Алтайға дейін" атты экспедицияға қатысушылармен кездесті. Олар жобаның мақсаты мен өңірлер арасындағы мәдени алмасуға үлес қоссақ деген өздерінің ұмтылыстары туралы әңгімеледі.

Нұрсұлтан Назарбаев патриотизмді нығайтуда және елдің туристік әлеуетін дамытуда осындай бастамалардың маңызды екендігін атай отырып, экспедицияға қатысушыларға сәттілік тіледі.

"Менің елім. Каспийден Алтайға дейін" экспедициясы Қазақстан жастарын еліміздің сұлулығы мен өзіндік ерекшелігі туралы ортақ идеяға біріктіруге бағытталған. Оның құрамында этнограф, блогшы, журналистер мен фотографтардан құралған 20 адам бар. Қазақстанда құрастырылған бес автомобильге мінген олар екі ай бойында республиканы аралап шығады. Оған қатысушылар экспедиция аяқталған соң фильм жасап, фотокітап шығарады.

Еске сала кетейік, мұның алдында Президент Атырауда болып, Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығы форумына қатысқан еді. 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 448.73   490.7   4.76 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети