03 сәуір 2014 19:41

Сарапшылар ІРО-ға қатысатын КEGOC-тың мәселелерін жіпке тізгендей айтып берді

ПОДЕЛИТЬСЯ

©tengrinews.kz ©tengrinews.kz

"Халықтық IPO" бағдарламасына қатысатын KEGOC компаниясының мәселелерін Tengrinews.kz тілшісінің сұрағына жауап берген сарапшылар жан-жақты талқылап, жіпке тізгендей айтып берді.


"Халықтық IPO" бағдарламасына қатысатын KEGOC компаниясының мәселелерін Tengrinews.kz тілшісінің сұрағына жауап берген сарапшылар жан-жақты талқылап, жіпке тізгендей айтып берді.

Алдында "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Елена Бахмутова KEGOC пен "Самұрық-Энерго" "Халықтық ІРО" бағдарламасы бойынша қор нарығына шығуға жоғары деңгейде дайын деп атап өткен. Алайда Halyk Finance зерттеулер департаментінің директоры Сәбит Хәкімжанов бұған дейін қор нарығына шығарылғалы жатқан компания акцияларының тартымдылығына кері әсер ететін, нақтырақ айтқанда, әлеуметтік шарт саясатына қатысты бірқатар фактордың барын мәлімдеген. Хәкімжановтың айтуынша, осы аталған мәселелер шешілмейінше, инвесторлар мұндай акцияларды сатып алуға асыға қоймайды.

"Golden Hills-КапиталЪ АМ" инвестициялық компаниясының сарапшысы Наталья Самойлованың пікірінше, KEGOC-тың бірқатар мәселесі бары рас. Хәкімжанов атап өткен "әлеуметтік шарт" мәселесінен тыс компанияның жабдықтарды жаңартуға қажетті ірі капитал шығындары да мәселе туындатуда. "Компанияның барлық инвестициялық шығыны ұзақмерзімді болашаққа - 15-20 жылға бағытталған, ал көптеген инвестор үшін бұл мерзім салым салу үшін қауіпті көрінуі ықтимал" - дейді сарапшы. 

Самойлованың айтуынша, KEGOC акцияларының тартымдылығына оны отандық қорға алғаш орналастыру кезінде белгіленген баға ықпал ете алады. "Қазіргі жағдайда баға көтермеленіп беріледі деп күтіліп отыр, кейбір есепке сүйенсек, акциялардың баланстағы құны шындыққа мүлде сәйкес келмейді. Бұл потенциалдық инвесторлар үшін акцияға инвестиция жасауда тартымды классикалық бағаны анықтаушы фактор болмақ. Қорға алғаш орналастыру кезіндегі баға мен оның өсім мүмкіндігі салыстырылып, сол секілді болашақта күтілетін дивиденттік табысы да бағаланатын болады" - дейді сұхбат беруші.

"ФИНАМ" инвестициялық холдингінің сарапшысы Антон Сороко инвестордың қандай да бір компанияның акциясын сатып алу бойынша шешіміне үкіметпен белгіленетін тариф кері әсер етуі мүмкін. "Мұндай жағдайда қауіп-қатер тәуекелдері артады, өйткені мемлекет өндірісшіні субсидиялайды. Осылайша компания өз қаржы көрсеткішіне ықпал ету мүмкіндігін бәсеңдетеді, ол өз кезегінде инвесторлар үшін оң фактор боп саналмайды" - дейді сарапшы. Сороко мұндай жағдайда жоғары дивиденттік табысты күтудің қажеттігі жоқтығын баса айтады.

"Асыл Инвест" АҚ компаниясының Сараптамалар департаментінің директоры Айвар Байкенов KEGOC пен "Самұрық-Энерго" компаниялары ішінде олардың акциясының қор нарығына шығаруға кедергі келтіретіндей бәлендей проблема бар деп санамайды. "Бұл арадағы мәселе "ҚазТрансОйл" АҚ-тың ІРО-ға өте ыңғайлы уақытта шыққанынан кейін қазақстандық инвесторларға сол секілді жоғары дивиденттік табысты қағазды сату қиынға түсетіндігінде боп тұр. Сондықтан KEGOC пен "Самұрық-Энергоның" ІРО процесінің ұзаққа созылуы олардың инвестициялық тартымдылығын мейілінше арттыра түсуден болуы ықтимал" - деп есептейді Байкенов.

Оның айтуынша, аталған екі компанияның тарифтік реттеуі өте шетін мәселе, себебі қызмет көрсету құнының артуы бірден тұтынушылардың қалтасын қағады, жалпы ел нарығындағы бағаның өсіміне әкеп соғады. "ҚазТрансОйл" жағдайында ішкі инфляцияға әсер етпейтін экспорт мөлшерлемесін өсіру секілді амалдарды қолдану мүмкіндігі бар" - дейді Байкенов.

Жалпылай алғанда, мамандар KEGOC пен "Самұрық-Энерго" ІРО-ға дайын деп санайды. Байкенов мұндай жайт осы жылдың күзінде орын алады деп есептейді. "Қазір биржаға бағалы қағаз шығару өте қауіпті. Зейнетақы қорларын біріктіру енді ғана аяқталды, алайда әзірге БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін  инвестициялауды қашан бастайтындығы беймәлім. Жеке инвесторлар, әрине екі бірдей ІРО-ны көтере алмайды. Басты мәселе - бағада. Егер жақсы дисконт ұсынылса, онда акциялар жоғары дивидент табысы болжамынсыз-ақ қызықты да тартымды боп кетеді" - дейді сұхбат беруші.

 

 

Читайте также
Join Telegram
Тоқаев Қытайға барады

Валюта бағамы

 448.12   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети