Әдеппен рұқсат сұраса, шағымданбайтын едік - Витастың продюсері

02 Ақпан 2017, 15:42
2
Әдеппен рұқсат сұраса, шағымданбайтын едік - Витастың продюсері - Витас пен продюсері Сергей Пудовкин. © ИТАР-ТАСС
Витас пен продюсері Сергей Пудовкин. © ИТАР-ТАСС

Витастың продюсері Сергей Пудовкин Димаш Құдайбергенов әдеппен рұқсат сұраса, әнді айтуға наразы болмайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Ол қазақстандық орындаушыны фейк әнші деп атап, өнерге ұрлықпен қадам басты деп есептейді.

Қазіргі уақытта Витастың мүддесін қорғаумен қытайдың адвокаттар конторасы айналысып жатыр екен. Алайда Пудовкиннің өзі адвокаттардың бұл шағымының нақты кімге бағытталғанын білмейтін болып шықты - I am a Singer байқауына ма, әлде Димаш Құдайбергеновке ме?

"Бөтен авторлардың әнін орындау үшін рұқсат, лицензия алу керек, сол арқылы бөтеннің еңбегін қолдануға рұқсаты болады. Ал адам бұл істі қылмыстық жолмен жасаса, бұл кем дегенде әдепсіздік. Телеарна немесе орындаушы "Опера №2" әнін орындауға әдеппен рұқсат сұраса, ешқандай да мәселе туындамас еді (...) Рұқсат берер едік, әрине. Әдетте құқық иесінің атына өтініш түсуі керек. Музыкант белгілі бір әнді орындағысы келсе, оған төлем жасауы керек. Осы жағдайда Витастың да, менің де дауым жоқ. Қытайда агентім бар, ол шағым түсіру мәселесімен айналысып жатыр. Бұл Қытайдың ішкі заңнамасына байланысты мәселе. Ол жақта бұлай ұрлауға тыйым салынады. Мұның жазасы қандай екенін де білмеймін. Мен Ресей Федерациясының азаматымын, сіздердің орындаушыларыңыз (Димаш Құдайбергенов - Авт.) Қазақстаннан, сондықтан мен білмеймін. "Опера №2" әні Қытайда өте танымал, соңғы 15 жыл бойында нағыз хит болды, сондықтан осындай шара қолданылды, - дейді Пудовкин.

Витастың продюсерінің айтуынша, тыйым әннің басқа елдерде орындалуына да қатысты болады. Пудовкин Витастың әндерінің Ресей территориясында да, басқа елдерде де бірнеше рет орындалғанын анықтағанын, осыған байланысты сотқа жүгіну туралы шешім шығарғанын айтты. Алайда продюсер қанша ақша өндіріп алғысы келетінін білмейді екен. "Мен ешқандай да қаржылай сома туралы атамадым, атамаймын да, бұл маған қызықты емес. Шағымдар жіберіледі, сондықтан мұны жедел тоқтатуға болады", - деді Витастың продюсері.

Айтуынша, Витастың өзі бұл жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартып отыр екен. "Ол таяуда осы жағдай жайлы біліп, маған жазып жіберіпті. Мен жауап бердім, сонымен болды. Бұл мәселені ол қайтадан көтерген емес", - деді Пудовкин. 

Ал Құдайбергеновтің PR-менеджері Алпамыс Шаримов Витастың әнін орындау туралы ойды конкурс режиссері айтқаныны хабарлады. "Конкурста орындалған ән үшін біз ақша таппаймыз. Бұл бір реттік қана орындау, бұл әнді алып алу туралы ой болмады, бұдан кейін "Опера №2" әнін орындауды жоспарлап та отырған жоқпыз. Менің білуіме, шағым бізге емесе, телеарнаға бағытталған. Бұған сабырмен қараймыз. Бірақ әлемде конкурс көп, онда қатысушылар белгілі әншілердің әндерін айта береді. Егер барлығы бір-бірімен соттаса беретін болса, қорқынышты. Меніңше, композитор әнінің орындалғанына бақытты болуы тиіс (...)", - дейді Шаримов. - Димаш өз мүмкіндігін көрсеткісі келді, уәде бергеніндей, Витасқа қарағанда 4 модуляцияда екі тонға жоғары орындады".

Жақында авторлық құқықтар жөніндегі сарапшы Темірлан Төлегенов Витастың "Опера №2" композициясын орындаған Димаш Құдайбергеновке шағым айта алмайтыны жайлы айтқан еді. Маманның айтуынша, Витас өз әндерінің байқауларда орындалуына тыйым сала алмайды. Сондай-ақ, Төлегеновтің айтуынша, авторлық құқықты қорғау туралы шағымдар әдетте сотқа жете бермейді.

Сондай-ақ, осыған дейін Лаки Кесоглу Витас пен Димаш Құдайбергеновтің "Опера №2" әнін орындауын салыстырған болатын. Халқы әртісі Димаштың даусы музыка тілінде қалай аталатынын айтты. "Димаштың даусы сирек. Оның дауыс түрі тенор альтино немесе контртенор деп аталады. Ол классика жанрында дами алады. Бірақ ол мұны қаламайды. Әлемде контртенорлар саусақпен санарлық. Олар танымал емес, бірақ бар", - деген еді Лаки Кесоглу.

Еске сала кетейік, Димаш Құдайбергенов 28 қаңтарда Қытайда өтіп жатқан I Am a Singer музыкалық конкурсының екінші кезеңінде де жеңімпаз атанған болатын. Әнші ресейлік атақты Витастың "Опера 2" атты туындысын орындаған еді. Видеоны мына жерден көруге болады. 

Ал телешоудың бірінші кезеңінде әнші SOS d'un terrien en détresse әнін француз тілінде орындап, жеңімпаз атанған болатын. Айта кетейік, Димаш Құдайбергенов қатысып жатқан конкурста 14 кезең бар. Конкурс Қытайдың Чанша қаласында өтіп жатыр.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (2)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай