07 маусым 2014 18:10

Алматыда The Spirit of Tengri халықаралық фестивалі басталды

ПОДЕЛИТЬСЯ

©Нұрғиса Елеубеков. ©Нұрғиса Елеубеков.

Алматыда The Spirit of Tengri қазіргі заманғы этникалық музыканың екінші халықаралық фестивалі басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 


Алматыда The Spirit of Tengri қазіргі заманғы этникалық музыканың екінші халықаралық фестивалі басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Гала-концерт Республика сарайының алдындағы алаңда өтіп жатыр. Биыл заманауи этникалық музыка фестивалінде Baba Zula (Түркия), The-Shin (Грузия), Yarik Ecuador (Эквадор), "Арғымақ" (Башқұртстан), "Намгар" (Бурятия), Gulzada (Қырғызстан), Сайнхо Намчылак (Тыва), Чылтыс (Таулы Шория), Болот Байрышев пен "Белуха Jam" тобы (Алтай), Радик Тюлюш пен оның "Чалама" жобасы (Тыва) және қазақстандық "Роксонаки", "Алдаспан" және "Шарапат" ұжымдары өнер көрсетеді. Соңғысы жаңа музыкалық аспап - электр жетіген үнін қалың көпшілікке тұңғыш рет естіртеді.

"Былтырғы фестивальде, негізінен, түркітілді, көрші халықтар, ділі жағынан жақын елдер музыканттары болса, биыл фестиваліміздің географиясы кеңейді. Біз оны арнайылап кеңейтеміз деп ойлаған жоқпыз. Музыканттардың өзі әлемнің әр түкпірінен өтініш білдірді. Көпшілігінің Қазақстанға келіп, елмен танысқысы, фестивальді көргісі келген. Грузия мен Эквадордан келген музыканттар Ресейде гастрольде жүріп, фестиваль жайлы естіп, оған қатысуды ұйғарған", - дейді жобаны ұйымдастырушы Tengri FM ұлттық радиостанциясының бас директоры Мәдина Өмірбекова.

Оның айтуынша, биылғы фестивальде техникалық жағынан біраз өзгеріс болды. "Дыбыс, жарық сияқты таза техникалық қажеттіліктердің сапасын арттырдық. Ең маңыздысы, этникалық әуендерді насихаттай алдық. Ол жайлы айтқан кезде адам оның мәнін бірден ұғынбауы мүмкін, ал бұл думанды көріп, этникалық музыканы тыңдаған кезде құдіретін түсінеді. Біздің өзіміз ұйымдастыру-дайындалу жұмысы барысында музыканттардың орасан зор шығармашылық әлеуетінің ашыла түсетінін көріп, таңдандық. Олардың энергетикасы адамдарды ұлтына, жасына, діни сеніміне қарамастан, баурап алады", - дейді Өмірбекова.

Шараға Австрияда тұратын тывалық атақты көмей әншісі, импровизатор Сайнхо Намчылак нидерландылық музыканттармен келді. Олардың бірі - әншімен 30 жылдай бірге қызмет еткен Герман Попов, екіншісі - композитор, фолк-рок орындаушы Фэй Ловски. Трио бұрын жазылған танымал шығармаларымен бірге тыва және ағылшын тіліндегі жаңа әндерін ұсынады. Өткен жылы әнші гонконгтық диджей Диксонмен өнер көрсеткен болатын.

Бурятиялық "Намгар" тобы да биыл Алматыға жаңа әндерін әкеліпті. "Биыл біздің құрамымызда скрипкада, гитарада, перкуссияда ойнайтын тамаша музыкант бар, яғни біздің әуендеріміз жаңа қырынан танылады. Былтыр уақыт тар болып, көп шығармамызды орындай алмасақ, биыл бағдарламамызды толық ұсынамыз деп ойлаймын. Фестивальге биыл да қатысу жөнінде ұсыныс алғанда бірден келістік, ойланбадық, сіздер байқамайтын шығарсыздар, Қазақстанның жері тамаша. Мұнда қуана-қуана келдік", - дейді топтың солисі Намгар Лхарасанова. Бұл топтың отбасылық ансамбль екенін айта кету керек, ұжымда Намгардың жұбайы Евгений мен оның ұлы Тимур бар.

Биыл фестиваль Алматы - ТМД-ның мәдени астанасы жылы аясында қала әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр. Фестивальдің бас әріптесі - Kaspi Bank. Банктің басқарма төрағасы Михаил Ломтадзенің пікірінше, осы заманғы ырғақтарға бейімделген көне әуендер фестивалін түрлі отбасыларға ортақ мәдени шара деуге болады. Еске сала кетейік, өткен жылы The Spirit of Tengri-ге 11 ұжым қатысқан болатын. Шараны "Роксонаки" тобы ашып, Сайнхо Намчылак қорытындылаған еді. 

 

 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 445.66   490.7   4.78 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети