Израильдің Dudu Tassa & The Kuwaitis тобы The Spirit of Tengri фестивалінде алғаш рет өнер көрсетеді

05 Мамыр 2017, 10:01
0
Израильдің Dudu Tassa & The Kuwaitis тобы The Spirit of Tengri фестивалінде алғаш рет өнер көрсетеді -

Қазақстанның Израильдегі елшілігінің қолдауымен Dudu Tassa & The Kuwaitis тобы Алматыда өтетін The Spirit of Tengri фестиваліне келеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Dudu Tassa & The Kuwaitis тобы XX ғасырдың бірінші жартысында танымал болған әрі аты аңызға айналған екі музыкант және екі композитор Әл-Кувейт деп аталып кеткен ағайындылардан бастау алған. Әл-Кувейттер бүгінде араб әлемінде танымал әндерді шығарған нағыз жаңашыл музыканттар. 1950 жылдары музыканттар Израильге көшіп келген еді.

Осылайша, Дуду Тасса тобы Әл-Кувейттердің ізін жалғастырып келе жатыр, бұл топтың атауынан да көрініп тұр. Жалпы олар екі альбом шығарды: Dudu Tassa мен Kuwaitis (2011) және Ala Shawati (2015). Екі жинақ та Ирак, таяу шығыс елдерінің мәдениетін және рок-музыканы біріктірген. Тасса тіпті осы үшін араб тілін меңгерген.

Айта кетейік, Dudu Tassa & The Kuwaitis жобасы тек батыста емес, сондай-ақ, шығыс елдерінде жоғары бағаға ие болды. Музыканттар Франциядағы Babelmed Music Showcase шоуы, АҚШ-тағы SXSW Showcase фестивалі, World Music Expo сияқты танымал фестивальдерде өнер көрсетіп жүр. Ал 30 наурызда музыканттар Майамиде Radiohead тобының шоуында алғашқы болып көрсетті.

"Radiohead тобымен ұқсастықтарымыз бар. Олар да дыбыстармен түрлі тәжірибелер жасап көргенді ұнатады. Концертке келген адамдар музыка үшін барын салуға дайын болды және біз де олар үшін ерекше дүние жасап көруге тырыстық. Radiohead музыканттарының әндері түрліше дыбысталады, міне, біздің ұқсастығымыз осында. Біз альбомдарымыздағы әндерді белгілі бір уақытпен немесе белгілі бір жермен байланыстырмауға тырысамыз. Мен Израильде осындай әндерді сүйетін адамдарды көп кездестірдім. Біз араб музыкасын орындайтын еврейміз. Бүкіл әлем бойынша бізге соншама хаттар келіп жатады. Адамдар біздің музыкамызды тыңдайды", - деді музыканттар Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Сондай-ақ, музыканттардың айтуынша, олар The Spirit of Tengri фестиваліне шақырту алған соң қатты қобалжыған. Әншілер Қазақстанға алғаш рет келейін деп отыр.

"Әдетте, біз барлығын өз күшімізбен жасайтынбыз, бірақ мен бұл жолы Израиль елшілігіне көмек көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді. Келіңіздер, музыкадан және еркіндіктен ләззат алыңыздар. Мен сіздерге біздің шоуымыз ұнайды деп және әлі тағы да көрісеміз деп сенемін", - деді Dudu Tassa & The Kuwaitis тобының музыканттары қазақстандықтарға.

Өз кезегінде Қазақстандағы Израиль елшісі Михаэль Бродский бүгінде дипломатияның тек саяси байланысты білдірмейтінін айтып өтті. Оның айтуынша, мәдени іс-шаралар да елдер мен халықтар арасындағы қарым-қатынасты жақсартады.

"Біз The Spirit of Tengri фестиваліне алғаш рет қатысатынымызға өте қуаныштымыз. Фестиваль жайлы көп естиміз, биыл мерейтойлық фестиваль өтетінін білеміз. Израильде адамдар этникалық музыканы сүйіп тыңдайды. Мұнда түрлі елдердің тумалары тұрады. Сондықтан да Израильдің мәдениеті шексіз. Dudu Tassa & The Kuwaitis тобы этникалық музыкадағы бағыттардың бірінде ән айтады. Қазақстан көрермендерінің осындай тамаша топпен таныса алатыны жақсы болды", - деді Қазақстандағы Израиль елшісі Михаэль Бродский.

Еске салайық, қазіргі заманғы этникалық музыканың Қазақстандағы тұңғыш халықаралық фестивалі - The Spirit of Tengri 2013 жылдың 8 маусымында бірінші рет өткен болатын. Оған 11 музыкалық ұжым қатысты. Арасында "Алдаспан", Hapanasasa топтары мен Найя, Қорлан сияқты орындаушылар болды. Фестивальді рок-сахнаның отандық ардагері - "Роксонаки" тобы ашты. Ал былтыр фестивальге 9 мемлекеттен 13 топ қатыcқан еді. Олардың ішінде: Baba Zula (Түркия), "Айирхаан" (Якутия), TRAD.ATTACK! (Эстония), Huun Huur Tu (Тыва), DJ Rizzo (АҚШ), "Арғымақ" (Башқұртстан), Екатерина Ямщикова (Башқұртстан), Tilla Török's Band & Holdviola (Венгрия), "Алдаспан" (Қазақстан), DJ Нариман Исенов (Қазақстан), "Тиграхауд" (Қазақстан), Roksonaki (Қазақстан) және Sintas (Қытай), "Барабаны Алматы" жобасы мен Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның домбырашылары.

Фестивальдің бас серіктесі - Kaspi.kz. The Spirit of Tengri фестивалі Алматыда open-air форматында Абай атындағы Республика сарайында 20-21 мамырда өтеді. Шара Алматы әкімдігінің қолдауымен өтеді. Фестивальге техникалық қолдауды KZ Sound компаниясы көрсетеді. Кіру тегін.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай