Литваның Marga Muzika тобы алғаш рет The Spirit of Tengri фестивалінде өнер көрсетеді

21 Сәуір 2017, 09:55
0
Литваның Marga Muzika тобы алғаш рет The Spirit of Tengri фестивалінде өнер көрсетеді - © "Marga Muzika"
© "Marga Muzika"

Литваның Marga Muzika тобы Алматыдағы литвалықтардың қауымдастығы мен дизайн және сәулет студиясының (StudioDA) қолдауымен алғаш рет The Spirit of Tengri фестивалінің мерейтойлық фестиваліне қатысады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Айта кетейік, Marga Muzika тобы 2009 жылы әнші Лаурита Пеленьютаның бастамасымен құрылған. Топта Литвада өздерінің рок және джаз жобаларымен танымал болып жүрген бірнеше жоғары класты музыкант бар. Сондай-ақ, Marga Muzika тобы әндерді ұлттық және заманауи аспаптармен орындау арқылы ерекшеленеді.

Топтың репертуарында түрлі әндер бар: литван тілінде, латыш, белорус, поляк, тыва және басқа тілдерде. Музыканттардың барлығы қазіргі заманда фольклорлық мұраны сақтау керектігін айтады. Сонымен қатар, олардың көбісі түрлі курстарда сабақ береді екен. Осылайша, музыканттар балалармен өз тәжірибелерін бөлісіп отырады.

Лаурита Пеленьютаның айтуынша, "marga" cөзі қазақ тіліне аударғанда "түрлі-түсті" деп аударылады, ал хинди тілінде бұл сөз "жол" дегенді білдіреді. "Мен бүкіл әлемде орындалып жатқан әндерді сүйіп тыңдаймын. Біз басқа елдерге барғанда халық әндерін орындаймыз. Польшаға барсам, "Липка зеленая" әнін, ал Тываға барсам "Dyngyldai" әнін орындаймын", - дейді әнші қыз.

Айта кетейік, Marga Muzika тобында әзірше 2013 жылы жарық көрген бір альбом бар. Қазіргі уақытта музыканттар жаңа әндерді жазуға дайындалып жатыр және олар Алматыдағы The Spirit of Tengri фестиваліне жаңа бағдарламамен келеді. Альбомда бірнеше ән болады екен. Литва әншісінің айтуынша, ол Алматыға келе салысымен көмеймен ән сала алатын адамды іздейді. Себебі әншіге бір композицияны орындап шығу үшін көмеймен ән айтатын орындаушы қажет. Осылайша, Литва алғаш рет фестивальге қатысайын деп отыр. Айта кетейік, осыған дейін The Spirit of Tengri фестиваліне Эстониядан TRAD.ATTACK! тобы келген еді.

Лаурита Пеленьютенің айтуынша, бір кездері Жер бетінде алғаш рет ән пайда болып, кейін ол бүкіл әлем бойынша тарап кетті. Бұл әнді ол фолклорлық музыкада, сондай-ақ, түрік, моңғол музыкаларынан іздейді екен. Әншіге Yat-Kha мен Huun Huur Tu сияқты топтар жақын екен. Тағы бір айта кететін жайт, Литва әншілері танымал америкалық DJ Carmen Rizzo-мен фестивальде соңғы болып өнер көрсетеді.

"Қазақстанға келер алдында қандай сезімдемін? Бұл біздің ойымыздағылардың барлығы жүзеге асырылып жатқанын білдіретін сияқты. Менің арманым - Қазақстанда өмір сүріп жатқан адамдармен әндерді бөлісу. Бұл мен үшін осы жұмысымдағы ең бағалы сый болар еді. Музыканттардың барлығы сіздерге келу үшін концерттерден бас тартты. Енді қазір барлығымыз жиналып жатырмыз. Аз ғана уақыт қалды", - деді Лаурита Пеленьюте.

Айта кетейік, Marga Muzika тобы Қазақстанға Алматыдағы литвалықтардың қауымдастығы мен дизайн және сәулет студиясының қолдауымен келеді.

"Біздің отандастарымыздың бірі осы топқа қолдау көрсетуімізді сұрады. Олар осында бірінші рет келмекші. Marga Muzika тобы The Spirit of Tengri фестивалінде жақсы өнер көрсетеді деп ойлаймыз. Мен өзім осы фестивальді құрметтеймін. Алматыда өмір сүріп жатқаныма бес жыл болды. Осы уақыт бойы мен фестиваль жайлы тек жағымды пікірлер естіп келдім", - деді қауымдастықтың төрағасы Гедиминас Палюлис.

Өз кезегінде StudioDA басшысы Агне Григаравичуте қазақстандықтарға Литваның мәдениетін таныстыруға мүмкіндік туғанына өте қуанышты екенін айтып өтті. "Меніңше, The Spirit of Tengri командасы - нағыз азаматтар, олар осы жобаны алға жылжытып жатыр. Былтыр фестиваль мені қатты таңғалдырып, қуантқан еді", - деді Григаравичуте.

Еске салайық, қазіргі заманғы этникалық музыканың Қазақстандағы тұңғыш халықаралық фестивалі - The Spirit of Tengri 2013 жылдың 8 маусымында бірінші рет өткен болатын. Оған 11 музыкалық ұжым қатысты. Арасында "Алдаспан", Hapanasasa топтары мен Найя, Қорлан сияқты орындаушылар болды. Фестивальді рок-сахнаның отандық ардагері - "Роксонаки" тобы ашты. Ал былтыр фестивальге 9 мемлекеттен 13 топ қатыcқан еді. Олардың ішінде: Baba Zula (Түркия), "Айирхаан" (Якутия), TRAD.ATTACK! (Эстония), Huun Huur Tu (Тыва), DJ Rizzo (АҚШ), "Арғымақ" (Башқұртстан), Екатерина Ямщикова (Башқұртстан), Tilla Török's Band & Holdviola (Венгрия), "Алдаспан" (Қазақстан), DJ Нариман Исенов (Қазақстан), "Тиграхауд" (Қазақстан), Roksonaki (Қазақстан) және Sintas (Қытай), "Барабаны Алматы" жобасы мен Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның домбырашылары.

Фестивальдің бас серіктесі - Kaspi.kz. The Spirit of Tengri фестивалі Алматыда open-air форматында Абай атындағы Республика сарайында 20-21 мамырда өтеді. Шара Алматы әкімдігінің қолдауымен өтеді. Фестивальге техникалық қолдауды KZ Sound компаниясы көрсетеді. Кіру тегін.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай