“10 мың жетеді деп ойладым“. Корей актерлері Алматыға келіп, ауа райына таңғалды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бейнеден алынған кадр

Оңтүстіккореялық My Little Old Boy шоуының актерлері Алматыға келді. Шығарылымдардың бірінде көрермендер қонақтардың жергілікті ауа райына таңырқағанын, қаламен танысып, бағадан шатасқанын тамашалады. Шоудан үзінді желіде кеңінен тарап жатыр, - деп хабарлайды Tengri Travel.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Оңтүстіккореялық My Little Old Boy шоуының актерлері Алматыға келді. Шығарылымдардың бірінде көрермендер қонақтардың жергілікті ауа райына таңырқағанын, қаламен танысып, бағадан шатасқанын тамашалады. Шоудан үзінді желіде кеңінен тарап жатыр, - деп хабарлайды Tengri Travel.

Бұл қандай шоу?

Желіде қатысушылары Алматыға келген танымал оңтүстіккореялық My Little Old Boy шоуының үзіндісі пайда болды. Chosun басылымы мәліметінше, бұл бөлім Оңтүстік Кореяда ақпанда жарық көрген. Сапарға актерлер Ли Сон-мин, Пэ Чон-нам, Ким Чон-су және Ким Сон-кюн қатысты.

Жарнама
Жарнама

Саяхат кезінде міндеттер бірден бөлініп берілген. Ли Сон-мин бюджет пен есеп-қисапқа жауапты болса, Пэ Чон-нам аға буын әріптестеріне жолбасшы рөлін атқарды. Нәтижесінде бұл шығарылым мінез-құлқы әртүрлі төрт адамның Қазақстанның бейтаныс мәдениетіне бейімделу барысындағы бастан кешкен қызықтарын көрсетті.

Үзіндіде не көрсетілді?

Видеода актерлер жергілікті ауа райына шынайы таңданысын білдірді. Оңтүстік Корея тұрғындары үшін қар - сирек құбылыс: ол жақта қар тез еріп кетеді, сондықтан ақ ұлпа жамылған ағаштар қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Сондай-ақ шығарылымда олардың қала ішіндегі серуені мен Абай Құнанбаев ескерткішімен танысу сәттері көрсетілді.

Бірақ ең қызықты сәт Көктөбе аспалы жолының кассасында болды. Әртістердің бірі прайсты зерттей келе, төрт адамға 10 мың теңге молынан жетеді деп қуанған. Алайда корейлер нөлдерді қайта санап, екі бағытқа билет құны шамамен 32 мың теңге болатынын түсінгенде, қуаныш сезімі су сепкендей басылды.

@elli.park8 #kazakhstan🇰🇿 #korea #kdrama ♬ түпнұсқа дыбыс - Elli Pak 엘리

Ролик 100 мыңнан аса қаралым жинады.

"Үзіндіні көрдім. Өзің танитын жұлдыздарды туған еліңнен көру қандай керемет!", "Сеулде немене, мүлдем қар жаумай ма, мынау не қылған таңданыс?", "Оларға көктемде немесе жазда келу керек еді, сонда нағыз шоктан жылап жіберетін шығар", "Абай Құнанбаев деп қандай сүйкімді айтады", "Мотщитта" дейді, демек "керемет" дегенді білдіреді. Оларға біздің ел ұнағаны анық", - деп жазды желі қолданушылары пікірлерде.

Жоба туралы не белгілі

My Little Old Boy (бағдарлама сондай-ақ "Менің жағымсыз балапаным" немесе "Анамның күнделігі" деп те аударылады) - өте танымал оңтүстіккореялық реалити-шоу. Оның басты ерекшелігі - көрермендер танымал бойдақ ер азаматтардың өмірін олардың анасының көзімен тамашалайды. Жұлдызды аналар студияда бас қосып, ұлдарының тұрмысы туралы жасырын жазбаларды көреді және олардың әдеттерін, құпиялары мен жеке өміріндегі сәтсіздіктерін бүкпесіз талқылайды.

Кейде ерекше шығарылымдар үшін шоу қатысушылары шетелге шығады. Түсірілім алаңдарының бірі ретінде Қазақстан таңдалған екен.

TengriTravel

Жарнама
Жарнама