Ақтөбелік туристік фирма тарапынан жасалған алаяқтық дерегі бойынша зардап шеккендер саны артып келеді. Полиция мәліметінше, қазірдің өзінде 70-тен астам адам арызданған, ал келтірілген шығынның жалпы көлемі 32 миллион теңгеге жетті, деп хабарлайды Tengri Travel тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Не болды?
Ақтөбе полиция басқармасының мәліметінше, агенттіктің 37 жастағы директоры жолдамаларды сатып, демалыс ұйымдастыруға уәде берген, бірақ ақшаны алғаннан кейін хабар-ошарсыз кетіп отырған. Соның салдарынан жұрт ақшасынан да, демалысынан да айырылды.
"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы мен жәбірленушілердің нақты саны анықталу үстінде. Іс аясында қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады ведомство.
Зардап шеккендер қайда жүгінуі керек?
Полиция осы турфирма әрекетінен зардап шеккен өзге де қазақстандықтарды іздестіріп жатыр. Оларға Ақтөбе, 11-шағынаудан, 51 "А" мекенжайы бойынша орналасқан №1 полиция бөліміне хабарласуға немесе тұрғылықты жері бойынша жақын маңдағы бөлімшеге баруға кеңес берілді.
Мән-жайы
Айта кетейік, ақтөбелік "Еркош тур" туристік фирмасы айналасындағы дау маусым басында белгілі болған еді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған алданған клиенттер жолдама үшін жүз мыңдаған, тіпті миллиондаған теңге төлегендерін, бірақ ақыры демалыссыз қалғандарын айтып шағымданған болатын.
Алматы тұрғыны Гаухар Маратқызы көктемде Маврикий мен Үндістанға авторлық тур брондап, 400 мың теңге алдын ала төлем жасаған. Сапар мамырдың басына жоспарланған еді. Ұшар алдында бірнеше күн бұрын менеджерлер байланысқа шықпай қойған, ал кейін "адам жиналмады" деген желеумен тур тоқтатылғанын хабарлаған. Алматылық тұрғынға ақшасы сол күйі қайтарылмаған.
Алайда, ең қиын жағдайға сапарға шығып үлгергендер тап болды. Ақтөбе тұрғыны Ақниет Нұрмұхамедова өзіне және екі баласына Қытайға тур сатып алған. Сапардың қызған шағында, түнгі сағат үште Чэнду қаласында гид 14 жолаушының бесеуіне ғана қайту билетін сатып алып, туристерді алдап кеткен.
Ақтөбе полициясы "Алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Сол уақытта ресми түрде 20 арыз тіркелген болатын.
Зардап шеккендердің айтуынша, тергеу жүріп жатқанына қарамастан, турфирма басқа атаумен жұмысын жалғастырып жатыр, ал компания директоры кінәсін мойындамай, мессенджерлердегі техникалық ақауға сілтеп отыр.
Полиция қазақстандықтарға туристік қызметтерді сатып алу кезінде компания беделін, қажетті құжаттарының бар-жоғын мұқият тексеруді, келісімшарт талаптарымен танысқаннан кейін ғана қол қоюды және төлем жасағанда міндетті түрде растаушы құжаттарды алуды ұсынады.
Тағы оқыңыз: Шымкенттен ұшқан рейсте шетелдіктер қазақстандықтың 8 миллион теңгеге жуық ақшасын ұрлап алған