"Қазақстан темір жолы" (ҚТЖ) ұлттық компаниясы "ҚТЖ - Жүк тасымалы" ЖШС-нің локомотив шаруашылығы жөніндегі орынбасары Асан Үмбетовтің қызу реакциясын тудырған оқиға туралы толық мәлімет берді. Бұған дейін оның бейәдеп сөздер қолдана отырып, жиналыс өткізген сәтінің видеосы әлеуметтік желілерде тарап кеткен еді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Видео кадрларында Үмбетов машинистке ашуланған, оның сөзіне қарағанда, қызметкер 13 шақырым бойы "рельстен шығып кеткен 18 вагонды келесі станцияға дейін сүйреп барған".
Редакция бұл жағдайдың мән-жайын білу үшін ұлттық компанияға ресми сауал жолдады. ҚТЖ-ның жауабына сәйкес, 2024 жылдың 21 ақпанында Көкпекті - Қарағайлы учаскесінің Ащысу - Саумалкөл аралығында жүк вагондары рельстен шыққан. Барлығы 7 вагон жолдан шығып кеткен. Осыдан кейін көрсетілген аумақта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, қазіргі уақытта қозғалыс қалыпты режимде жүріп жатыр.
Сонымен қатар, кінәлілерге қандай жаза қолданылғаны да айтылды.
"Локомотив машинисіне қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылып, машинист көмекшісі қызметіне ауыстырылды. Машинист көмекшісіне қысқа мерзімді қызмет атқарғаны үшін қатаң ескерту жасалды. Сонымен қатар, нұсқаушы машинист пен депо бастығының операция жөніндегі орынбасарына қатаң сөгіс жарияланды", - деп хабарлады ҚТЖ.
Еске салайық, әлеуметтік желілерде "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының онлайн-отырысынан үзінді тараған болатын. Онда басшылардың бірі қарамағындағы қызметкерлерге бейәдеп сөздер қолданып, қатты сөйлеген. Жазба қоғамда үлкен резонанс тудырып, біреулер басшыны сынаса, енді біреулер қолдау білдірді.
Кейіннен "ҚТЖ - Жүк тасымалы" ЖШС-нің локомотив шаруашылығы жөніндегі бас директордың орынбасары Асан Үмбетов даулы видеоға түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл жағдай өзіне үлкен сабақ болған.
"Бұл роликті бәріміз көрдік. Әрине, мен де көрдім. Туындаған жағдайға байланысты осындай шаралар қабылданды. Менің әрекетім жұмысты жақсарту және кемшіліктерді түзетуге бағытталды. Видеоны қайта қарағанда, даус көтеріп сөйлегенімді түсіндім", – деді ол журналистерге.
Бұған дейін ҚТЖ-да бас директордың орынбасарымен корпоративтік этиканы сақтау қажеттілігі туралы әңгіме өткізілгені хабарланған. Сондай-ақ, оның мұндай әрекеті "қызметкер тарапынан болған және қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндірген елеулі заңбұзушылықтарға байланысты" екендігі айтылды.
ҚТЖ басшысы Талғат Алдыбергенов жабық жиналыстың видеосының жария болуына қатысты тергеу жүріп жатқанын жеткізді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!