Ақтаудан Астанаға ұшқан ұшақ бортында жолаушылардың бірі кенеттен өзін жайсыз сезінді. Ер адамға сол рейсте болған дәрігерлер көмектескен, деп хабарлайды Tengri Travel тілшісі Lada.kz
Оқиға 3 сәуірде болған. Басылым мәліметінше, бортсеріктер жолаушылар арасында медицина мамандарының бар-жоғын сұраған. Сол сәтте бірнеше маман бірден көмекке ұмтылды:
- облыстық көпбейінді аурухананың гематологы Сәулет Айтбекқызы;
- Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы өңірлік департаментінің директоры Ләззат Қайырбайқызы;
- жеке емхананың күндізгі стационар дәрігері Аслем Берікболатқызы;
- жеке медициналық орталықтың дерматологы Рысқайша Хайырбекқызы.
Дәрігерлер жолаушының бойынан бозару, суық тер шығуы, қан қысымының төмендеуі және тахикардия сияқты белгілерді байқаған. Көрсетілген көмектен кейін науқастың жағдайы ұшақ қонғанға дейін тұрақталды.
Ләззат Қайырбайқызы әріптестерінің іс-қимылындағы үйлесімділікті атап өтті.
"Бортсерік бортта дәрігерлердің бар-жоғын сұрағанда, мен бірден орнымнан тұрып, көмекке бардым. Қасымда тағы үш маман болды. Біз бір-бірімізді танымайтынбыз, бірақ кәсібилік пен көмек көрсетуге дайындық бізді біріктірді. Әрқайсымыз өз ісімізді нақты атқардық", - деді ол.