Ақтөбе әуежайында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған 53 жастағы қала тұрғыны анықталып, ұсталды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Құрмет Мәжікеновтің айтуынша, ол жолаушыларды шығарып салу кезінде алкогольдік масаң күйде болып, айналасындағыларға балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Оның айтуынша, құқық бұзушыны әкімшілік хаттама толтыру үшін полиция бөлмесіне жеткізу кезінде ол тәртіп сақшыларына қарсылық танытып, заңды талаптарына қасақана бағынбай, жағдайды ушықтырған.
"Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК үш бірдей бабы бойынша жауапкершілікке тартылды:
- қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу немесе масаң күйде келу;
- ұсақ бұзақылық;
- құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау", – деді Мәжікенов.
Ақтөбе әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен құқық бұзушыға 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (196 600 теңге) айыппұл салынған.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!