Туристердің әр екіншісі сапарды жоспарлау алдын жергілікті тұрғындардың қонақжайлығына аса мән береді. Booking сервисі 370 миллионнан аса пікірді талдап, қонақтарды шынымен жылы қарсы алатын орындардың рейтингін жасаған, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Монтепульчано, Италия
Тоскана төбелеріндегі бұл қала тар тас көшелерімен, Қайта өрлеу дәуірінің сарайларымен және жүзім бақтарымен танымал. Мұнда әйгілі Vino Nobile di Montepulciano шарабынан дәм татып, Пьяцца Гранде алаңын аралап, кипарис өскен төбелердің көрінісін тамашалауға болады. Рейтинг мәліметінше, гастротуризмді ұнататындарға жергілікті пичи пастасы мен флоренциялық бифштекс те ұнайды.
Монтепульчано Римдегі Фьюмичино халықаралық әуежайынан солтүстікке қарай бірнеше сағаттық жерде орналасқан. Қалаға пойыз және автобуспен немесе жалға алынған көлікпен жетуге болады.
Магонг, Тайвань
Пэнху аралының батыс жағалауында Магун (Магонг) деген портты қала бар: тар көшелері, қызыл кірпіш үйлері және көне ғибадатханаларымен ерекшеленеді. Кешкі уақытта көшелерде теңіз өнімдері сатылады. Туристерді базальт жартастары, мөлдір суы және әсерлі күнбатыс ерекше таңғалдырады.
Магунға автобуспен 40–50 минутта жетуге болады, сондай-ақ Тайваньның материк бөлігінен ұшақтар қатынайды немесе Цзяи-Будай мен Гаосюннан пароммен баруға болады.
Сан-Мартин-де-лос-Андес, Аргентина
Сан-Мартин-де-лос-Андес Анд тауларының шыңдары арасында, Лакар көлінің жағасында орналасқан. Қалашықта ағаш шале үйлер, шағын кафелер мен қолөнер дүкендері бар. Жақын маңда жанартаулары, жаяу жүретін соқпақтары және өзендері бар Ланин ұлттық паркі орналасқан. Жазда туристер сарқырамаларға жаяу барып, байдаркамен серуендейді, ал қыста Серро-Чапелько тау-шаңғы курортында сырғанайды.
Сан-Мартин-де-лос-Андес Неукен провинциясындағы Авиадор Карлос Кампос әуежайынан көлікпен шамамен 30 минуттық жерде.
Харрогейт, Ұлыбритания
Солтүстік Йоркширдегі тыныш әрі әсем курорт. Бұл - викториялық сәулетті және "баяу өмір" ырғағын ұнататындар үшін қолайлы орын. Мұнда Valley Gardens бағында серуендеп, Montpellier ауданындағы дүкендерге кіріп, атақты түрік моншаларында демалуға болады.
Харрогейтке ұшақпен де, пойызбен де баруға болады. Лидс–Брэдфорд әуежайы көлікпен небәрі 30 минуттық жерде. Сонымен қатар, қала Лидс, Йорк және жақын маңдағы басқа қалалармен тұрақты теміржол қатынасымен байланысқан.
Фредериксберг, Техас, АҚШ
Фредериксбург - Техастың Hill Country өңіріндегі шағын қала. Ол 1846 жылы Германиядан келген неміс қоныстанушылары тарапынан құрылған, соның әсері бүгінге дейін жергілікті асхана, сәулет және фестивальдерден байқалады. Мұнда наубайханалар мен галереяларға толы басты көшені аралап, кейін Enchanted Rock қорығына баруға болады. Бұл - алып гранит күмбез, төбесіне шыққанда жұлдызды аспан керемет көрінеді.
Фредериксбург Сан-Антонио әуежайынан көлікпен бір сағаттан сәл аса жерде, ал Остин–Бергстром әуежайынан шамамен бір жарым сағаттық жерде орналасқан.
Тағы қандай қалалар топқа кірді?
Бұл қалалардан бөлек, ең қонақжай ондыққа мыналар да енген:
- Пиренополис, Бразилия;
- Свакопмунд, Намибия;
- Такаяма, Жапония;
- Нуса-Хедс, Аустралия;
- Клайпеда, Литва.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!