Алматы тұрғыны Алма-Арасан шатқалында сирек кездесетін сәтке куә болды. Ол қар барысын бетпе-бет көріп, ерекше кадрлар түсіріп алды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Қар барысы теңіз деңгейінен шамамен 1700-2500 метр биіктікке дейін төмендеген. Әдетте бұл жыртқыштар тек таудың биік жерлерінде орнатылған фототұзақтарға ғана түседі. Тосын кездесу кезінде барыс аң аулап, олжасын жеп жатқан.

Сирек кадрлардың авторы - кәсіпкер Анатолий Гаипов. Оның айтуынша, қар барысы небәрі 30-40 метр қашықтықта болған.
"Алғашында адреналин болды, кейін сабыр сақтап, жинақталдым. Мұндай сәт өте сирек кездесетіндіктен, ең алдымен барысты суретке түсіруді ойладым", - деді ол.

Анатолий шатқал маңында тұрады және тауға жиі шығады. Бұған дейін аю мен қасқырларды көргенімен, оларды тек алыстан байқаған. Ал мұндай кездесу өмірінде алғаш рет болған.
Қазақстанда қанша қар барысы бар?
Мамандардың мәліметінше, Қазақстан аумағында Қызыл кітапқа енген қар барысының саны шамамен 152-189 дарақ болады. Соңғы деректерге сүйенсек, Жамбыл облысындағы ерекше қорғалатын аумақтарда 12 қар барысы тіркелген. Айта кетейік, бірнеше ай бұрын дәл осы өңірде де қар барысы бейнекамераға түсіп қалған.
Қар барысын көргенде қалай әрекет ету керек?
Ұлттық парк өкілдері мұндай сәтке тап болған жағдайда қауіпсіз қашықтықты міндетті түрде сақтау керектігін ескертеді.
Жақында Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында турист әйел қар барысына тым жақын барып, суретке түспек болған кезде жыртқыш шабуыл жасаған. Абырой болғанда, әйелді дулығасы мен нұсқаушының көмегі құтқарып қалған. Ол жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Мамандар табиғаттағы сирек жануарларды бақылау кезінде сақтық пен жауапкершілікті ұмытпауға шақырады.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!