Алматы әуежайының баспасөз қызметі әуежай аумағындағы қарды тазалау процесін көрсететін видео және суреттерді бөлісті, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Алматыда қалың қар жауып тұр. Бұған дейін жолаушыларға қолайсыз ауа райы салдарынан рейстердің кешігуі туралы ескертілген болатын.
Алматы әуежайының онлайн-тақтасының соңғы деректеріне сәйкес, ұшатын 9 рейс кешікітіріліп отыр.
Сонымен қатар, келетін рейстер де кешігіп жатыр. Кем дегенде 20 рейс туралы сөз болып отыр.
Қазақстандық әуекомпаниялар рейстердің жаппай кешігуіне қатысты түсініктеме берді.
"Алматы әуежайындағы қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты 8 қаңтарда Air Astana әуекомпаниясының 11 рейсі кешікті. Әуекомпания жолаушыларға рейстердің кешігуі туралы алдын ала хабарлауға және ыстық тамақ, жеңіл тағамдар мен сусындар ұсынуға тырысты. Қазіргі уақытта ұшу кестесі біртіндеп қалпына келтіріліп жатыр, бірақ Алматыдан шыққан рейстердің кешігуі басқа әуежайлардан келесі рейстердің ұшуына әсер етеді. Рейстердің мәртебесін әуекомпанияның сайтынан тексеруді сұраймыз", – деп хабарлады баспасөз қызметі.
FlyArystan баспасөз қызметі де ауа райының рейстер кестесіне әсер еткенін атап өтті.
"Алматыда қардың қалың жаууына байланысты FlyArystan әуекомпаниясы қолайсыз метеорологиялық жағдайлар мен мұздануға қарсы өңдеу жүргізу мүмкін еместігі салдарынан рейстердің кешігуі туралы хабарлайды. Сондай-ақ, бұл жағдай басқа қалаларда әуе кемелерінің келуін күту уақытын арттыруға әкеліп, ұшу кестесінің өзгеруіне себеп болды. Барлық рейстеріміз айналмалы екенін және рейстер арасындағы уақыт аралығы 30 минутты құрайтынын еске саламыз. Қазіргі уақытта алты рейс кешіктіріліп отыр", – деп хабарлады компания.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!