Ақтаудағы әуежайда FlyArystan әуекомпаниясының Ақтау – Алматы рейсінің жолаушылары күтуге төзгісіз жағдайларға шағымданып, жанжал шығарды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.
"Алты сағат бойы еденде, чемодандардың үстінде отырдық! Суық, жамылатын ештеңе жоқ, ешқандай ақпарат берілмеді. Миллиардтаған ақша табатын компания, ал жағдай жертөледегідей!" – деп ашуланды жолаушылардың бірі.
Жағдай ушығып, оқиға орнына тіпті полиция қызметкерлері де келген.
Әңгіме FS 7178 Ақтау – Алматы рейсі туралы екені белгілі болды. Ол 6 шілдеде сағат 02:05-те ұшуы тиіс еді, алайда алдымен 06:45-ке, кейін тіпті жергілікті уақыт бойынша 22:30-ға шегерілген.
Әуекомпания мәліметінше, рейстің кешігу себебі "ұшақтың кеш келуі" және "өндірістік қажеттілікпен" байланысты.
FlyArystan баспасөз қызметі жолаушыларға сусын мен тамақ берілгенін, ал 23 адамның өтініші бойынша сағат 09:30-дан бастап қонақүйге орналастыру ұйымдастырылғанын хабарлады. Сондай-ақ, тегін қайта брондау және билетті толық қайтару мүмкіндігі ұсынылған.
"Туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Біз үшін ұшу қауіпсіздігі – басты басымдық", – деді әуекомпания өкілдері.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!