Ашаршылық, қуғын-сүргін, өлім мен махаббат. Алматы тарихын сақтаған ескерткіштер

ПОДЕЛИТЬСЯ

Tengrinews.kz фотоколлажы Tengrinews.kz фотоколлажы

Ескерткіш бізге еліміздің дамуына үлесін қосқан адамдар мен тарихи оқиғаларды еске салатын мүсіндер ғана емес. Ол - өткен уақыттағы оқиғаның тас бетінде көрініс табуы. Мұнда қорқыныш пен үрей, өлім мен сенім де бар. Ескерткіштерге қараған сайын біз ойша сол кезеңге өтеміз. Өз өмірімізге қайта көз жүгіртеміз. Kaz.tengritravel.kz порталы Aviata.kz сервисімен бірлесе отырып Алматыдағы қарапайым серуенді тарих беттеріне саяхатқа айналдыру жолдарын баяндайды. 


Иконка комментария блок соц сети

Ескерткіш бізге еліміздің дамуына үлесін қосқан адамдар мен тарихи оқиғаларды еске салатын мүсіндер ғана емес. Ол - өткен уақыттағы оқиғаның тас бетінде көрініс табуы. Мұнда қорқыныш пен үрей, өлім мен сенім де бар. Ескерткіштерге қараған сайын біз ойша сол кезеңге өтеміз. Өз өмірімізге қайта көз жүгіртеміз. Kaz.tengritravel.kz порталы Aviata.kz сервисімен бірлесе отырып Алматыдағы қарапайым серуенді тарих беттеріне саяхатқа айналдыру жолдарын баяндайды. 

Бұған дейін біз Алматы-1 вокзалынан Төлебаев көшесіне дейін 20 қызықты ескерткішті қамти отырып, саяхат жасаған едік. Біздің қазіргі бағдарымыз бұдан да ауқымды. Достық даңғылына қайта оралмас үшін, біз өз әңгімемізді Алматының оңтүстігіндегі Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштен бастаймыз. 

Абай бьюсті Митин көшесінде, дарынды балаларға арналған Республикалық орта мектеп-интернатының кіре берісінде орналасқан. Ол 2015 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ашылған. Ескерткіштің биіктігі, тұғырын қоса есептегенде 4,5 метрге тең.

Төмен қарай, әл-Фараби-Меңдіқұлов көшесіне түсеміз. Мұнда Қазақ ССР еңбек сіңірген сәулетшісі Малбағар Меңдіқұловқа арналған ескерткіш бар. Меңдіқұлов Ташкент, Алматы, Нүкіс қалалары орталығындағы құрылыс және қайта құрылымдау авторларының бірі болған. Сонымен қатар, Шымкент, Жезқазған, Гурьев қалаларын жоспарлауда көмек көрсеткен. Сәулетші Қазақстандағы бірнеше қызықты нысанның авторы. Олардың қатарында Неке сарайы, Жамбыл Жабаев және Мұхтар Әуезовке арналған ескерткіш-мүсіндер, шарап зауытының әкімшілік корпусы, "Қарлығаш" пен "Айнабұлақ" дәмханасы және Алматыдағы өзге де орындар бар. Малбағар Меңдіқұлов Семейдегі Абай мұражайын қайта құрылымдауға қатысып, Мәскеуде өткен ауылшаруашылық көрмесіндегі Қазақ павильоны жобасының бір нұсқасы авторларының қатарында болды. 

Бағдарымыздың келесі нүктесі - Республика алаңында орналасқан Тәуелсіздік монументі. Ол 1996 жылы 16 желтоқсанда ашылған. Авторлық топтың басшысы республикамыздың еңбек сіңірген сәулетшісі, Шоқан Уәлихановтың ұрпағы Шота Уәлиханов болды. Авторлар тобы құрамына Әділет Жұмабаев, Нұрлан Далбаев және сәулетші Қазыбек Жарылғапов кірді. Монумент Қалдыбай Монтахаев, Мұрат Мансұров, Азат Баярлин мен Қазыбек Сатыбалдиннің бірлескен авторлығымен жасалып, тұрғызылды.

Монумент жасау жайлы идея Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа 1993 жылы, Египеттегі Луксор қаласында болған кезінде келген. Мұнда Египеттің Тәуелсіздік алуы құрметіне тұрғызылған монумент бар. 

28 метрлік стела композицияның ортасы болып табылады. Ол биіктігі 6 метр "Алтын адаммен" аяқталады. "Алтын адам" қанатты барыстың үстінде, оны басқарып тұр. Бұл қазақ жеріндегі мемлекеттік билікті бейнелейді. Стеланың төменгі бөлігінде "Дала данасы" мен "Жер-ана", құлыншаққа мінген ер және қыз баладан тұратын мүсіндер тобы орналасқан. Атқа мінген балалар жастық шақ пен еліміздің жарқын болашағын көрсетеді. Фигуралар төрт маңызды нүктеге орналастырылған, олардан өмір беретін ылғал шығады, жерді жемісті етеді.

Екінші жағынан, әкесі мен анасы, балалары - мемлекетті құрайтын отбасы. Мүсіндердің төрт бұрышта тұруы беріктік пен мықтылықты бейнелейді. Стеланың екі жағына таға пішіндес 10 барельеф орналастырылған. Ол Қазақстанның ерте заманнан басталатын тарихын бүгінгі күнге дейін баяндайды. 10 санының да таңдалуы кездейсоқтық емес: Пифагор бойынша, 10 күш пен әл-ауқат саны болып табылады. Әлбетте, мұнда оқиғалардың хронологиялық реті емес, жарқын кезеңдердің шығармашылық көрінісі маңызға ие. 

Желтоқсан және Сәтпаев көшелерінің қиылысында ел тәуелсіздігіне арналған тағы бір ескерткіш бар. "Тәуелсіздік таңы" композициясы 2006 жылы Алматыда 1986 жылы өткен Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына байланысты орнатылған. Ескерткіш үш бөліктен тұрады: күрделі құрылымды бағандар өткен мен болашақ арасындағы жанжалды, идеологиялық канондардың құлдырауын, бостандық пен Тәуелсіз елдің бейнесін көрсетеді. 


© Марат Рысбеков

Композицияны түсінікті ете түсу үшін ұшуға дайын тұрған әйелдің мүсіні қосылған. Оң қолында шешілген орамалын ұстап тұр. Бұл - келісімге келуге шақыру белгісі. Ал сол қолындағы ұшып бара жатқан құс - бостандық пен өзгерістің, жаңа өмірдің хабаршысы. Ескерткіштің үшінші бөлігі рельефтік панно болып табылады. 


© Марат Рысбеков

Тағы да төменге түсеміз. Біз ерлік пен қайғылы оқиғаларға арналған ескерткіштерге толы қала орталығындамыз. Байсейітова мен Құрманғазы көшелерінің қиылысында қаза тапқан қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, 2014 жылы өткен Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенге арналған мемориал орналасқан. Мүсінді Санкт-Петербургтың мүсіншісі Матвей Макушкин жасаған. Ол - Төлебаев көшесіндегі Виктор Цойға арналған мүсіннің де авторы. Мәрмәр тұғырда Денистің өзі жазған өлең жолдары мен спорттағы жетістіктері қашалған. 


© Марат Рысбеков

Денис Тен 2018 жылы 19 шілдеде көлік тонаушыларымен жанжал кезінде Байсейітова мен Құрманғазы көшелерінің қиылысында қаза тапқан. Спортшыны пышақпен сан артериясынан жарақаттаған. Арман Құдайберген, Нұралы Қиясов, Жанар Толыбаева бұл қылмыста айыпты деп танылып, алғашқы екеуі 18 жылға, үшіншісі 4 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Қылмыскерлер Денис Тенге ескерткіштің артқы жағындағы спорт алаңқайы қоршауының жанында пышақ сұққан. Спортшының өліміне үш жыл толса да, қаза тапқан орнына жанкүйерлері хат пен гүл әкелуін тоқтатпаған. 


© Андрей Зайцев

Байсейітова көшесінің төменгі бөлігінде Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры бар. Субұрқақтың жанында отырып тынығып алуға болады. Бұдан кейін Назарбаев даңғылы жағындағы саябаққа бет бұрамыз. Бұл жерде 2019 жылы "Дос" атты ескерткіш орнатылды. Мүсінші - Нұрлан Болатбеков. Арт-нысанды 1970 жылдардың соңынан бастап "Қарлығаш" дәмханасында бас қосатын достар өз қаржыларына жасаған. Ескерткіштің прототипі ретіне Алматының белгілі тұрғыны, тарих пәнінің мұғалімі, кәсіпкер Ескер Есболатов таңдап алынған. 


© Марат Рысбеков

Серуенімізді әрі қарай жалғастырамыз. Келесі нысанға Панфилов көшесіндегі Арбат арқылы барғанымыз жөн. Бөгенбай көшесіне жетпей, сол жақ бөлігінде Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы бар. Мұнда екі - Жүргенов пен Асқар Тоқпановқа арналған ескерткіштерді тамашалауға болады. 

Темірбек Жүргенов 30-жылдары халық ағарту комиссары қызметін атқарған уақытта қазақ ұлттық опера, кино және драматургияның дамуына айтарлықтай үлес қосты. Ескерткіш 2001 жылдың 6 желтоқсанында орнатылды. Мүсінші - Ескен Сергебаев. Айта кету керек, саябақтан жануарлар мен адамдарды бейнелейтін, антикалық және қазақ дәстүрі тақырыптарындағы 20-ға жуық мүсінді кездестіруге болады. 


Фото: ser-rubtsov.livejournal.com/90226

Асқар Тоқпанов - қазақтан шыққан алғашқы кәсіби театр режиссері. Ол театр өнері мектебінің негізін салған. Режиссерге арналған ескерткіш 2015 жылы орнатылды. Мүсіншісі Ескен Сергебаев болды. 

Абылай хан даңғылында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория орналасқан. Бұл жерден ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақ ақыны, күйші Құрманғазы Сағырбайұлына арналған мүсінді көре аламыз. Ескерткіш 2012 жылы 18 сәуірде ашылған. Мүсінші - Тілеуберді Бинашев. 

Әрі қарай жылжитын уақыт келді. Жолдың келесі бетінде, Бөгенбай батыр көшесінің төменгі жағында саябақ бар. Мұнда 1997 жылы Кеңес Одағы Батырлары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Маметоваға арналған ескерткіштер ашылған. Ескерткіш тұғырында қыздардың есімі мен Кеңес Одағы Батырына берілген қос Жұлдыз бейнеленген. Әлия мен Мәншүк шын өмірде бір-бірін танымаған. Бұған қарамастан олардың мүсіні қатар орналастырылды. 


© Марат Рысбеков

Осы сәтте біз таңдау жасай аламыз - одан әрі төмен түсеміз бе немесе Желтоқсан көшесінің бойындағы ескерткіштерді зерттейміз бе. Саяхаттың бірінші нұсқасы туралы сөйлесейік. Ол үшін Республика алаңынан өту керек болады. Жолда сіз қазіргі Қазақ-Британ техникалық университетін кездестіресіз, ол бұрын Қазақ КСР үкіметінің ғимараты болған. Ол жерде 1991 жылы 16 желтоқсанда "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Конституциялық заңы қабылданған. Тарихи құжатқа дөңгелек залда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған.

Әйтеке би көшесі бағытындағы ҚБТУ ғимаратының артында "Көрнекті қайраткерлер аллеясы" мемориалдық кешені орналасқан. Оған 1987 жылы орнатылған Жетісуда Кеңес өкіметін орнату қозғалысына қатысушылардың мүсіндері кіреді. Оларды белгілі қазақстандық мүсіншілер жасады: Төлеген Досмағамбетов, Александр Исаев, Хакімжан Наурызбаев, Вагиф Рахманов, Михаил Раппопорт, Александр Татаринов және Юрий Гуммель; сәулетшілер: Адамбек Қапанов, Қалдыбай Монтахаев, Шота Уәлиханов, Владимир Ким, Шаймұрат Өтепбаев және Сайран Фазылов.

Мүсіндер Қазақстан Кеңестерінің құрылтай съезінің ұйымдастырушылары мен қатысушыларының бірі Әліби Жанкелдинге, Үшінші Түркістан дивизиясының саяси бөлімінің бастығы және Жетісу облыстық революциялық комитетінің мүшесі Ораз Жандосовқа, Шығыс майданының әскери комиссары Михаил Фрунзеге, 1916 жылғы Орта Азия көтерілісінің қатысушысы Амангелді Имановқа, Түркістан Компартиясы Мұсылмандар бюросының төрағасы Тұрар Рысқұловқа, Түркістан коммунистік жастар одағының мүшесі Мағазы Масанчиге, Мұсылман коммунистік большевиктерінің РКП (б) Верный секциясының төрағасы Абдолла Розыбакиевке, ЖШҚӘ Шығыс майданы Оңтүстік тобының Революциялық әскери кеңесінің мүшесі Валериан Куйбышевке, РКФСР Қырғыз АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы (үкімет басшысы) Сәкен Сейфуллинге және Верный көтерілісін басуға қатысқан Дмитрий Фурмановқа арналған.

Біз Абылай хан даңғылына ораламыз. Сол жақта, Әйтеке би мен Гоголь көшелерінің арасында, саябақта ұшқыш, КСРО-ның екі мәрте батыры Сергей Луганскийдің мүсіні бар. Ол 1947 жылы орнатылған.

Біз Желтоқсан көшесіне бұрыламыз. Мұнда 2002 жылы Мақатаев көшесімен қиылыстағы саябақта ақын Мұқағали Мақатаевқа ескерткіш қойылды. Мүсін ақынның 70 жылдығына орай тұрғызылды, мүсінші - Нұрлан Далбай. "Аппасионата" поэмасы (1962) Мұқағали Мақатаевқа даңқ әкелді. Оның поэзиялық "Армысыңдар, достар" (1966), "Қарлығашым, келдің бе?" (1968), "Дариға жүрек" (1972), "Аққулар ұйықтағанда" (1974), "Шуағым менің" (1975), "Өмірдастан" (1976), "Өмір-өзен" (1978), "Жырлайды жүрек" (1982), "Шолпан" (1984) және өзге де жинақтары қазақтың ұлттық поэзиясының алтын қорына енді. Ақынның көптеген шығармасына ән жазылған.

Мәметова көшесіндегі саябақтан сәл төменірек, екі ескерткіш бар - Амангелді Иманов пен Ғабит Мүсіреповке арналған. Революционер, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың қатысушысы Амангелді Имановқа ескерткіш 1947 жылы қойылды. Бір қызығы, ескерткішті ашуға оның әріптесі, саясаткер Әліби Жанкелдин барған. Мүсінші - Хасболат Асқар-Сарыжа, ескерткіштің биіктігі - алты метр.

Одан өтетін жолдың бойында, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры ғимаратының жанында жазушы Ғабит Мүсіреповке арналған ескерткіш орнатылған. Ол "Қазақ солдаты" (1949), "Оянған өлке" (1953), "Ұлпан" (1974) романдарының авторы. Оның драмалық шығармаларының тізіміне "Қыз Жібек" музыкалық драмасы (1934) (оның негізінде алғашқы қазақ операсының либреттосы құрылған, музыкасы Евгений Брусиловскийдікі), "Амангелді"(1936 ж., 1937 ж. және 1952 ж.), "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" (1939), "Ақын трагедиясы" пьесасы (1958 ж., "Ақан Сері - Ақтоқты" атты 1-басылым, 1942 ж.) кіреді, бұл шығарма 19-ғасырдағы қазақ әншісі және композиторы туралы. Ол ғасырлар бойғы алалаушылыққа қарсы шыққан ақын мен ойшылдың трагедиясын ашады. Ол сонымен қатар, "Қыз-Жібек" (1970) фильмі сценарийінің авторы. Ескерткіш 2002 жылы жазушының жүз жылдығына орай тұрғызылды.

Төле би көшесіне ораламыз. Мұнда, Желтоқсан мен Наурызбай батыр көшелерінің арасындағы саябақта, Чайковский көшесінде (бұл жақ Махаббат аллеясы деп аталады) ғашықтарға арналған ескерткіш бар. Енді ол жүрек белгісі бар күмбезді ұстап тұрған төрт бағаннан тұрады. Ескерткіш биыл ауыстырылды - ертеректе бұл жерде жүректің мүсіні болған, оған ғашықтар жазбалар қалдырған.

Бұл жер туралы қалалық аңыз бар. Бір кездері ғашық жігіт өзінің махаббатының символы болып табылатын бойтұмарын жоғалтқан. Ол қыздан қол үзіп, ессіз күйзеліске ұшыраған. Бірақ кемеңгер адам оған махаббаттың бойтұмарда емес, заттарда емес, жүректе болатынын айтыпты. Сондықтан, аллеяға үлкен жүрегі бар тұғыр орнатылды. Аллеяны қала тұрғындары ғашықтардың зиярат ететін орны ретінде ойластырған, бірақ ескерткіш тез боялып, бұл орынға ғашықтар көп келмейтін болған.

Ал біз саяхатымызды жалғастырамыз. Наурызбай батыр көшесінің бойында Қарасай батырмен қиылыстағы саябақта ұйғыр композиторы және ұстазы Куддус Кужамьяровтың ескерткіші бар. Ол ұйғыр кәсіби музыкасының негізін қалаушы болып саналады, ол шығармасының көп бөлігін Алматыда жазды. Ескерткіш 2008 жылы ашылған, мүсінші - Магамед Абдуллаев.

Мұндағы саябақта 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш бар. Ол 2017 жылы ашылған. Мүсіннің авторлары - Дулат Үсенбаев, Айдос Бүркітбаев және Қанат Бегулиев. Ескерткіш Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен ашылды. 1918-1933 жылдар аралығында Қазақстанда әртүрлі мәліметтер бойынша, үш миллионнан астам адам қайтыс болды, оның ішінде 1931-1933 жылдар аралығында - бір миллион 700 мың адам. 100 мыңнан аса қазақстандық 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін құрбаны болды. "Ана" мүсіні - бұл аштықтан шаршап келген баланы кеудесіне қысып отырған ананың бейнесі, ол бүкіл қазақ халқының қайғысын бейнелейді. Әйелдің аяғында төңкерілген бос қазан жатыр.


© Tengrinews.kz

Сонымен қатар, бұл жерде қуғын-сүргінге ұшыраған ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовке арналған ескерткіш бар. Ол 2007 жылы НКВД 1939 жылы атқан ақынның 125 жылдығына орай орнатылған. Ақын 1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісті қолдады, сонымен қатар өз шығармаларын Қазан төңкерісіне арнады. Ол Фирдоуси поэмаларын қазақ тіліне аударған. Тыңшылық жасады деген айыппен қамауға алынғанға дейін ол өзінің туған ауылында араб жазуымен жазылған отыз бес томдық қолжазбасын терең көміп үлгерген. Айтпақшы, ертеректе бұл жерде революционер Михаил Васильевич Фрунзенің ескерткіші болған, ол басқа жерге ауыстырылды.

Біз бұл жерден кетуге асықпаймыз. Қарасай батырдың Сейфуллинмен қиылысында революционер және жазушы Сабыр Шәріповке арналған ескерткіш-бюст қойылған. Оны 1980 жылы мүсінші Павел Шорохов орнатқан. Сабыр Шәріпов Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату үшін күресушілердің бірі болды, ол өзінің еңбектерінде революцияға дейінгі өмірді көрсетті, отырықшы өмір салтына көшуге шақырды, таптық күресті сипаттады. Ол сонымен бірге Иранда сыртқы сауда саласында жұмыс істеді, осы елдегі кеңес эмигранттарының өмірі туралы жазды.

Енді сіз одан әрі қарай жүре аласыз. Ол үшін Жамбыл көшесіне дейін көтерілу керек. Байтұрсынов көшесімен қиылыста "Ұлт ұстазы" ретінде есте қалған ағартушы Ахмет Байтұрсынов атындағы саябақ бар. Ахмет Байтұрсынов қазақ әдебиеті мен жазуының дамуына үлкен үлес қосқан, қазақтың халық шығармашылығы үлгілерін жинау және басып шығару жұмыстарын жүргізген, қазақ тілін оқытуға арналған оқулықтар шығарды. Саябақтың өзінде Ахмет Байтұрсынұлына арналған мемориалдық тақта, ал саябаққа қарама-қарсы, Байтұрсынов, 60 мекенжайында оның мұражай-үйі мен мүсіні орналасқан.

Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсынов саябағында Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюшы сарбаздарға арналған ескерткіш бар. Обелиск 2016 жылы атом электр станциясында болған атом апатының 30 жылдығында ашылды. Ескерткіштің биіктігі - 4,5, ал ені 4 метр. Авторы - сәулетші Қазбек Жарылғапов.

Ахмет Байтұрсыновтың мұражай-үйіне қарама-қарсы жерде, Шафик Шокин атындағы Қазақ ғылыми-зерттеу энергетикалық институты ғимаратының жанында Шафик Шокинге арналған ескерткіш бар. Ол 2017 жылы академиктің 105 жылдығына орнатылды. Шафик Чокин - Қазақстандағы энергетика саласын дамытуға арналған 500 ғылыми еңбектің авторы: "Қазақстан энергетикасы", "Қазақстанның ауыл шаруашылығын энергиямен қамтамасыз етудің ғылыми негіздері", "Қазақстандағы энергетиканың даму негіздері", "Қазақстанның энергетикалық және су ресурстарын басқару", "Қазақстанның отын-энергетикалық балансы" және тағы да басқа. Оның қатысуымен Қазақстанның энергетика саласын ғылыми-техникалық болжаудың кешенді жүйесі, Ертіс-Қарағанды ​​каналы, Қапшағай су электр станциясының жобалары әзірленді.

Біз Шевченко мен Масанчи қиылысына жоғары көтерілеміз. Мұнда Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының жанындағы шағын саябақта 2000 жылы 13 қыркүйекте мемлекет қайраткерінің бюсті орнатылды. Ол қазақтың алғашқы теміржол инженері, Түркістан-Сібір темір жолын жобалау мен салуға белсенді қатысқан. Бюсттің авторы - мүсінші Гульфия Мелдеш.

Енді Төле би көшесіне дейін төмен түсеміз. Осылайша оңайырақ болады, өйткені енді Алматы орталығының "төменгі" бөліктеріне оралуға мәжбүр болмаймыз. Мұнда, Әди Шәріпов көшесімен қиылыста жазушы Әди Шәріповке арналған ескерткіш бар. Ол 2015 жылы қойылған. Мүсінші - Бақытжан Әбішев. Әди Шәріпов жазушы, Ұлы Отан соғысының қатысушысы болған. Соғыстан кейін ол ағарту саласында жұмыс істеді, "Партизан қызы", "Дос сыры", "Тон" кітаптарының авторы. Әди Шәріповтің сценарийімен "Орман хикаясы" кинокартинасы сахналанды, ол Ташкент пен Алматыдағы кинофестивальдерде марапатқа ие болды.

Біз Төле би көшесіне түсеміз. Мұнда сізге Мұқанов көшесіне жаяу бару керек және Сәбит Мұқановтың бюсті орнатылған саябаққа жету керек. Ескерткіш 2000 жылы жазушының жүз жылдығына орай ашылды. Сәбит Мұқанов жазушы әрі ақын болған. Оның "Көңілім", "Бостандық", "Жұмаштың өлімі", "Альбом", "Балбөпе", "Ақ аю", "Жұпархан" сияқты поэтикалық шығармалары бар. Оның "Сұлушаш" (1928) атты поэмасы ең танымал жазбасы болды. Ол "Қазақ вальсі"(1940) әнінің мәтінін жазды. Алғашқы прозалық шығармалардың бірі - таптық күреске арналған "Адасқандар" романы. Автордың редакциялауынан кейін роман "Мөлдір махаббат" деп аталды.

Ол сонымен қатар келесі роман мен повестердің авторы: "Теміртас" (1935), "Сырдария" (1948), "Ботагөз" (1957), "Өмір мектебі" (1945-1962) автобиографиялық трилогия романы мен Шоқан Уәлиханов туралы "Аққан жұлдыз" (1972) романы.

Aviata.kz саяхаттауда жауапкершілік маңызды екенін еске салады. Табиғатқа ұқыптылықпен қарайық, балаларымыз тәлім алар табиғат болсын, ал біз ертең қайта оралар жер болуы қажет. Табиғаттың "бізден кейін" қандай болатындығы біздің қолымызда.

Aviata қосымшасын мына сілтеме бойынша орнатуға болады.

TengriTravel
Лого TengriNews мобильная Лого TengriLife мобильная Лого TengriSport мобильная Иконка меню мобильная