Астанада ауа райының қолайсыз болуына байланысты ұшақтарды рейске дайындау жұмысын қиындады. Жолаушыларға рейстердің кешігуі мүмкін екені ескертілді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Елорда әуежайының баспасөз қызметі өкілдері ұшақтарды дайындауда туындаған қиындықтарға байланысты кідірістер болатынын айтты.
"Ұшып шығу рейстерінің кешігуі - ауа райының қолайсыз болуына, әуе кемелерін мұзға қарсы өңдеу (арнайы сұйықтық құю/себу) жұмыстарын жүргізу мүмкін болмағанына байланысты", - деп хабарлады әуежай.
Әуежай қазір күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын атап өтті: ұшу-қону жолағы, перрон және рулеж жолдары үздіксіз тазартылып жатыр.
Қанша рейс кешігіп жатыр?
Бүгінге 146 рейс жоспарланған (ұшып шығу - 72, ұшып келу - 74). Қазір мынадай кешігулер тіркелген:
- ұшып шығу: 10 рейс;
- ұшып келу: 8 рейс.
Жолаушыларға рейс туралы ақпаратты әуе тасымалдаушылардан нақтылап, сондай-ақ онлайн-таблодан тексеріп отыру ұсынылады.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!