Астана - Алматы рейсі кезінде жолаушы жолсерігінің мінез-құлқына шағымданды. Оның айтуынша, ер адам бүкіл ұшу уақытында аяқ киімімен орындық арқалығына аяғын асып қойып, орындықта жатқан, деп хабарлайды Tengri Travel.
Не болды?
Жазба авторының сөзінше, рейстегі көршісі бірнеше орындықты иеленіп алған.
"Жолаушылардың дәретханаға кірген кір аяқ киімін жоғары көтеріп, осылай жатуы қаншалықты қалыпты жағдай? Бұл жолаушы Астана-Алматы рейсі кезінде осылай жатты", - деп атап өтті жазба авторы.
Автордың айтуынша, бортсеріктер қасынан бірнеше рет өткенімен, жолаушыға ескерту жасамаған көрінеді.
"Стюардессалар мұны 10 шақты рет көріп, елеусіз қалдырды. Әр рейстен кейін әрбір орындықты дезинфекциялайтындарыңызға, әсіресе ол басқан қауіпсіздік белдіктерін тазалайтындарыңызға сену қиын", - деп түйіндеді ол.
Скриншот: Threads
Әуекомпания не дейді?
Біз FlyArystan баспасөз қызметіне пікір алу үшін хабарластық. Онда аяқты бұлай қою ұшақтағы өзін-өзі ұстау ережелерін расында бұзатынын хабарлады.
"Аяқты орындықтарға, орындық арқалықтарына немесе салон жабдықтарына қою әуе кемесі бортындағы жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларына сәйкес келмейді", - деп атап өтті әуекомпания өкілдері.
Шағым түскеннен кейін тасымалдаушы ішкі тексеріс жүргізді.
"Тексеру нәтижесі бойынша бортсеріктер аталған жолаушының қасында болған сәтте мұндай мінез-құлық тіркелмегені анықталды. Өз міндеттерін орындау кезінде бортсеріктер осы жолаушымен байланыста болып, әуе кемесі салонындағы жағдайды бақылауда ұстаған", - деп мәлімдеді әуекомпания.
Мұндай жағдайлар туындаған кезде жолаушыларға экипажға жүгінуге кеңес берілді.
"Мұндай жағдайлар туындаса, жолаушылар ұшу кезінде дереу экипажға жүгіне алады. Өз өкілеттіктері аясында экипаж борттағы тәртіп пен жайлылықты қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдайды", - деп атап өтті баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда жолаушы қандай жағдайда рейстен түсірілуі мүмкін?