Астана, Алматы және Павлодармен байланыс орнатуы тиіс болған Баянауыл әуежайы бірнеше жыл бұрын салынғанымен, әлі күнге дейін тұрақты рейстер қабылдамайды. Tengri Travel әуежайдың неге әлі іске қосылмағанын және оны ашу үшін не қажет екенін анықтады.
Әуежай салынды, бірақ тұрақты рейстер ашылмады
Баянауылда әуежай салу туралы бірнеше жыл бұрын айтыла бастаған. 2017 жылы мұнда Павлодар – Баянауыл бағыты бойынша алғашқы техникалық рейс орындалды. Ал 2018 жылдың тамызында әуежайдың ашылуға дайын екені хабарланған болатын.
Жоспар бойынша кейін бұл жерден Астана, Алматы және Павлодарға тұрақты рейстер ұшуы тиіс еді.
Азаматтық авиация комитеті мәліметінше, жеке инвестиция есебінен ұзындығы 1200 метр, ені 21 метр болатын қатты жабындысы бар ұшу-қону жолағы, жүру жолы, перрон, қоршау салынып, электр желісі тартылған. Сондай-ақ жолаушыларға арналған 200 шаршы метрлік терминал ғимараты мен екі тікұшақ алаңы салынған.
Алайда әуежай толыққанды жұмысын әлі бастаған жоқ. Қазір әуежай аумағы жабық.
Әуежай неге ашылмай тұр?
Павлодар облысы әкімдігі мәліметінше, 2024 жылы әуеайлақты әкімдік, жобалаушылар және Қазаэронавигация мамандарынан құралған арнайы комиссия тексерген.
Тексеру барысында авиациялық және экологиялық талаптарға қатысты бірнеше маңызды мәселе анықталған.
"Мониторинг кезінде қазіргі әуеайлақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтың екі шақырымдық аймағында орналасқаны анықталды. Сонымен қатар оның солтүстік жағында алты шақырым қашықтықта ұшуға кедергі келтіретін таулар бар. Бұдан бөлек, әуеайлақ тұрғын аймақтан кемінде үш шақырым қашықта болуы керек. Ал іс жүзінде бұл арақашықтық небәрі бір шақырым", – деп хабарлады әкімдік.
Сонымен қатар қазіргі ұшу-қону жолағы толыққанды пайдалануға қойылатын талаптарға сай емес.
Әуежайды іске қосу үшін не істеу керек?
Әкімдік пікірінше, әуежайды қайта жаңғыртқаннан кейін ғана іске қосуға болады.
Ол үшін:
- әуежайды табиғатты қорғау және тұрғын аймақтарда орналастыруға рұқсат алу;
- ұшу-қону жолағын қысқарту қажет.
Әкімдік мәліметінше, қайта жаңғыртудан кейін ұшу-қону жолағының ұзындығы қазіргі 1200 метрдің орнына 800 метр, ал ені 21 метрдің орнына 15 метр болуы тиіс.
"Егер табиғатты қорғау және тұрғын аймақтарда әуежайды орналастыруға рұқсат берілсе, ұшу-қону жолағын ұзындығы 800 метрге, ені 15 метрге дейін қысқартып, L-410 және Ми-8 секілді әуе кемелерін қабылдай алатындай етіп қайта жаңғыртуға болады", – деп түсіндірді әкімдік.
Қайта жаңғырту жұмыстарының нақты қашан басталатыны әзірге белгісіз. Алдымен жоба Қазаэронавигацияның талаптарына сәйкестендіріліп, барлық қажетті келісім алынуы тиіс.
Бұл әуежай неге маңызды болды?
Баянауыл – Қазақстандағы ең танымал табиғи демалыс орындарының бірі. Баянауыл ұлттық паркі аумағында Жасыбай және Торайғыр көлдері, сондай-ақ батыстан шығысқа қарай шамамен 40–50 шақырымға, солтүстіктен оңтүстікке қарай 20–25 шақырымға созылған тау жоталары орналасқан.
Өңірдің ең биік нүктесі – биіктігі 1055 метр болатын Қызылтау тауы.
Жоспар бойынша әуежайдың ашылуы курортқа жетуді жеңілдетіп, туристер санын арттыруы тиіс еді. Алайда әзірге әуежай жабық күйде қалып отыр, ал оның қашан іске қосылатыны белгісіз.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!