“Дүрбелең болды“. Пойыздағы жантүшігерлік жайттың мән-жайы айтылды

Дина Шарипханова
Дина Шарипханова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

“Дүрбелең болды“. Пойыздағы жантүшігерлік жайттың мән-жайы айтылды ЖИ көмегімен жасалған кескін

Алматыда оңтүстіккореялық фильм түсірілімі кезінде адамдардың улануына қатысты жаңа деректер пайда болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматыда оңтүстіккореялық фильм түсірілімі кезінде адамдардың улануына қатысты жаңа деректер пайда болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Редакцияның Telegram-ботына куәгер оқиғаның мән-жайын айтып берді. Оның сөзінше, түсірілім кезінде адамдар, оның ішінде балалар да, пойыз вагонында есінен танып қалған.

Куәгер адамдарды фильм түсіретін компания кастингке шақырғанын айтты. Қатысушыларды, оның ішінде әйелдер мен балаларды түнде "қыстау жақтағы теміржолға" алып барған. Оның сөзінше, ол жақта ауа температурасы шамамен минус 20 градус болған.

"Басында жылы шатырларда күткен едік, түсірілім жылы пойызда өтеді деп уәде берген. Бірақ бәрі дайын болғанда, кореялық түсірілім тобы жылы вагонға өздері кірді, әйелдер мен балаларды, түгелдей мұздай вагонға кіргізді", - деді ол.

Ер адамның сөзінше, суық вагонда түсірілім шамамен үш сағатқа созылған. Қатысушылар жылы киінгеніне қарамастан, суықтан қатты тоңа бастаған. Арасында балалар да болған.

"Қасымда бір қыз отырды, ол қатты қалтырап, бір кезде есінен танып, үстіме құлап түсті. Мен ұйымдастырушылардан бізді жылынуға жіберуді сұрадым. Маған: "Болмайды, кейін таба алмай қаламыз, шыдаңдар" деді", - дейді ол.

Түсірілімнен кейін, куәгердің айтуынша, топты басқа суық вагонға ауыстырған. Ал телефондарын алдын ала алып қойған. Адамдар жылынуды сұрап, талап ете бастағанда ұйымдастырушылар газ жылытқыш қойған.

"Оның айналасына бірден 50-ге жуық адам жиналды, балалар жақын отырды", - дейді куәгер.

Біраз уақыттан кейін, ер адамның айтуынша, балалар есінен тана бастаған.

"Бір бала айқайлап, есінен танып қалды. Артынша бір қыз құлады, содан кейін тағы бір ұл бала... Балалар жаппай "құлап" жатты. Дүрбелең болды", - дейді ол.

Оның айтуынша, түсірілім алаңында дәрігер болмаған: дәрігерлер оларды Алматы-2 вокзалында күткен.

Куәгер балалардың жаппай есінен тана бастағанынан кейін адамдарды түсірілім тобы отырған басқа вагонға эвакуациялағанын айтты.

Вокзалға келгенде, оның сөзінше, топты дәрігерлер мен полиция қарсы алған. Бірнеше әйел мен баланы ауыр жағдайда алып кеткен.

Не болған?

Еске салайық, Алматы-2 теміржол вокзалына келген пойызда 52 адам газдан уланып қалған. Алдын ала мәлімет бойынша төтенше жағдай киностудия ұйымдастырған түсірілім кезінде болған.

Бұл туралы Алматының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді. Барлығы 52 адам зардап шеккен, оның ішінде балалар бар.

Тексеріс нәтижелері бойынша 10 бала ауруханаға жатқызылған, оның екеуі жансақтау бөлімінде, қалғандары бейінді бөлімшелерде жатыр.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

TengriTravel
Join Telegram
Тоқаев Сағынтаевты қабылдады
Алматыда ірі жол апаты болды
Алматыда қоймадан өрт шықты
;