Қазақстан Финляндияда ұсталған ұшақ пилотының біздің елге бағыт алғаны туралы мәлімдемесін жоққа шығарды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Азаматтық авиация комитеті Литвада тіркелген жеке ұшақтың Қазақстанға ұшуды жоспарлағаны туралы ақпаратты растамады. Ведомствоның ресми жауабында тұрақты емес рейсті орындауға рұқсат алу туралы өтініш түспегені атап өтілді.
"Қолда бар ақпаратқа сәйкес, LY-ARA борт нөмірі бар әуе кемесіне тұрақты емес рейсті орындауға рұқсат алу туралы өтініш комитетке түспеген", – деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.
Еске сала кетейік, 4 желтоқсанда Хельсинки әуежайында ұсталған Beechcraft B55 Baron ұшағы фин билігінде санкцияларды айналып өтуге қатысты күдік туғызған болатын. Алғашында әуе кемесі Ресейдің Псков қаласына бағыт алғаны хабарланды. Алайда ұшақ бортындағы латвиялық пилот Робертс Климович рейстің соңғы мақсаты Қазақстан екенін, онда ол авиациялық жобаларды дамытуды жоспарлағанын мәлімдеген.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!