Ұлыбританиялық саяхатшы Гэвин жуырда Қазақстанға келіп, Алматы туралы әсерін бөлісті. Ол бастапқыда "заманауи" қалаға бара жатырмын деп ойлағанымен, Алматы кей тұста тіпті таңғалдырған. Бұл туралы ол Tengritravel.kz тілшісіне сұхбат берді.
Гэвин Қазақстанда жеті күн болған. Бұған дейін Өзбекстан мен Қырғызстанды аралап үлгерген, ал Қазақстан Орталық Азия бағытындағы келесі аялдамасы болған.
Алғашқы әсері
42 жастағы саяхатшының айтуынша, жолға шықпай тұрып-ақ Қазақстанды заманауи ел ретінде елестеткен. Қаланың инфрақұрылымы мен көлігі туралы алдын ала қарап, жоспарлаған.
"Экзотика іздеп келмедім, үйреншікті қала өмірін күткен едім. Дәл солай болды", - дейді ол.
@workingclass_traveller Almaty in Kazahkstan already looks amazing. Be great to get some support with a follow from the locals. I am off to explore #kazakhstan🇰🇿 #traveltiktok #almaty #england ♬ original sound - workingclass_traveller
Алматы несімен таңғалдырды?
Гэвин бір видеосында Ұлыбританиядағы бір ресми сайтта Алматыға баратын туристерге түнде көшеде абай болу мен ұрлықшылар ескертуді көрсеткен. Бірақ өзі қалада жүргенде қауіпсіздік жағы жақсы әсер қалдырғанын айтады.
Алматының көлемі оған тосын жаңалық болған:
"Алматы мен ойлағаннан әлдеқайда кішірек екен. Неге екенін білмеймін, үлкенірек қала деп елестетіппін", - дейді ол.
Таудан алған әсер
Ең кереметі - таулар. Саяхатшының айтуынша, үлкен қалада дәл мұндай көрініс сирек кездеседі.
@workingclass_traveller Breath taking views in Kazahkstan really took my breath away #kazakhstan🇰🇿 #traveltiktok #almaty #england ♬ original sound - workingclass_traveller
Оның сөзінше, автобуспен бір сағат шамасында барып, аз ғана уақыт ішінде арқанжолмен көтерілсең, естеқаларлық көрініске тап боласың.
"Өмірімде көрген ең әдемі орындардың бірі", - деп бағалады ол.
Сондай-ақ, оған сауда орталықтары, арқанжол, қар жамылған шыңдар ұнаған. Қаланың инфрақұрылымы түсінікті болғанымен, үйренісе қоятын тұстар да бар екенін айтады.
Не нәрсе жат болды?
Гэвин Қазақстан мен Ұлыбританияның айырмашылығын түсіндірді:
- Ұлыбританияда америкалық ас түі көп,
- барлығын телефонмен төлей береді,
- автобустар Алматыда тым лық толы болып көрінген,
- ең қиыны - Apple Pay-дің болмауы (өз елінде оны "бәрінде қолданамыз" дейді).
Тамақ пен баға
Турист бұл жолы жергілікті асты көп татып көрмегенін айтады: өңірдегі басқа елдерде көп нәрсені татып көрген соң, Қазақстанда көбіне өзіне таныс, батыс тағамдарын таңдаған. Жылқы етін ұнатпайтынын да жасырмаған.
Баға жағы, керісінше, көңілінен шыққан:
"Мұнда мейрамханалар расында арзан екен. Дәмді кебаб жедім, бағасына қатты таңғалдым", - дейді ол.
@workingclass_traveller Englishman in Kazahkstan cannot believe how cheap eating out is. Superb value #kazakhstan🇰🇿 #traveltiktok #almaty #england ♬ original sound - workingclass_traveller
Оған тағы бір қызық көрінген нәрсе - Қазақстанда қантсыз сусындардың Англияға қарағанда қымбатырақ болуы. Себебі Ұлыбританияда қантқа салық бар, сондықтан тәтті сусындар әдетте қымбат болады екен.
Базар мен шіркеу
Гэвин Көк базарға кіріп, кәдесый мен шырын алған. Ол бұл жерді Еуропадағы базарларға ұқсатты.
Ал Вознесенск шіркеуі саяхатшыға қатты әсер еткен. Ол әлемдегі ең әдемі шіркеулерді көргенін айта отырып, Алматыдағыны солармен бір қатарға енгізгенін жеткізген.
Адамдар мен қонақжайлық
Жолға шығарда "қазақстандықтар онша ашық емес" деген әңгіме естігенімен, сапар барысында керісінше көп таныс тапқанын айтады. TikTok арқылы достары көбейген.
Оның сөзінше, адамдар ашық, бірақ табиғи. Ағылшынша бәрі бірдей сөйлемесе де, көмектесудің жолын табады екен.
Оның келесі бағыты - Таиланд. Дегенмен Қазақстанға тағы қайтып келуі мүмкін екенін де жоққа шығармаған.
"Бұл сапар есімде қалады, басқа адамдарға да айтып, кеңес беремін", - деп түйіндейді ол.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!