Тұзкөл тұзды көлінің айдынында шағылысқан Хан Тәңірі шыңының видеосы желіде мыңдаған қаралым жинап жатыр. Алматылық Рамазан Шыжан сапардан алған әсерін бөлісіп, бұл жерге қай уақытта барған дұрыс екенін айтты, деп хабарлайды Tengri Travel.
Видео
Алматы тұрғыны әсерлі видеоны өзінің Instagram парақшасында жариялады.
"Теңіз деңгейінен биіктігі: 1951 метр. Тұздылығы - 300 пайыз, Алматы облысы, Райымбек ауданында орналасқан", - деп жазды ол.
Видео әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, ондаған мың қаралым жинады. Бірі Хан Тәңірінің көрінісіне тамсанса, енді бірі жолдың жағдайына алаңдаулы: желі қолданушылары барар жолда көліктің жүру бөлігіне зақым келуі мүмкін деп қауіптенеді.
"Кроссовер өте ала ма? Ол жақта жол бар ма?", "Көл - айна дерсің! Хан Тәңірі - таулардың нағыз патшасы!", "Енді біздің өңір нағыз трендте болады", "Ғажайып көрініс!" - деп жазды желі қолданушылары.
Видео авторы не дейді?
Біз Рамазанмен байланысқа шықтық. Ол Тұзкөлге 13 сәуірде барғанын және жолдың жағдайы тәуір екенін айтты - кроссовермен де жетуге болады. Оның сөзінше, бұл жерге алғаш рет барса да, Қазақстан табиғатының қаншалықты сұлу екеніне тағы бір мәрте көз жеткізген.
"Ол жерде алғаш рет болдым, алған әсерім шексіз. Біз көбіне сұлулықты шетелден іздейміз, бірақ өзіміздің Қазақстанда қаншама таңғажайып жердің бар екеніне көзім жетті", - дейді Рамазан.
Алматылық саяхатшы бұл жаққа кем дегенде бір күнге келуге кеңес береді.
"Түнеп қалатындай жоспармен барыңыздар - бұл жердің басты сиқырын таң шапағында көруге болады. Бұл уақытта көл айдыны айнадай тып-тыныш болып, Хан Тәңірі шыңы бүкіл болмысымен шағылысып тұрады. Күн көтеріле бастағанда жел тұрып, су беті толқиды да, әлгі айнадай бейне жоғалып кетеді", - деп бөлісті ол.
Оның айтуынша, таң атарда бұл жерде құстардың сайрағаны анық естілетін ерекше тыныштық орнайды.
Сондай-ақ ол бұл жерге жауапкершілікпен және ұқыпты қарауға шақырды. Оны тек қаралым үшін Instagram алаңына айналдырмай, қоқыс тастамай, табиғатқа зиян келтірмеу маңызды екенін атап өтті. Оның пайымдауынша, бұл мекеннің табиғи сұлулығын сақтап қалу қажет.