Әлеуметтік желілерде Қазақстанның "жаңа төлқұжаты" делінген эскиз тарады. Құжаттың сыртқы дизайыны Оңтүстік Корея паспортына ұқсас екені айтылып, бұл қызу пікірталас тудырды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі. Ішкі істер министрлігі ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
Мән-жайы
Желіде тараған дизайн қызу талқыға түсті. Пікірлер екіге бөлінген: бірқатар қолданушы жаңа нұсқаны заманауи әрі жинақы деп бағаласа, көпшілік қазіргі көгілдір түсті қазақстандық төлқұжатты сақтап қалу керек деген пікір білдірген.

Пайдаланушылардың айтуынша, қолданыстағы төлқұжат өзге елдердің құжаттарынан ерекшеленіп, Қазақстанмен тікелей байланысы бірден көрінеді.
"Шетелде бұл төлқұжатқа жиі назар аударады", "Көгілдір түс пен үлкен елтаңба – біздің айрықша белгі", – деп жазды желі қолданушылары.
Скриншот Threads
Сонымен қатар, кейбір азаматтар желіде таралған суреттерді ІІМ ресми түрде жарияламағанын атап өтіп, олардың жаңа төлқұжаттың бекітілген дизайнына қатысы жоқ екенін айтты.
ІІМ пікірі
ІІМ бұл ақпаратты растады. Ведомство өкілдері мәліметінше, әлеуметтік желілерде тараған эскиздер Қазақстан азаматтарының жаңа төлқұжатының ресми жобасына қатысы жоқ. Дегенмен жаңа дизайн әзірленіп жатқаны айтылды.
Министрлікте төлқұжаттың жаңа нұсқасын дайындау барысында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) талаптарына сай қосымша қорғаныс элементтері мен заманауи технологиялар ескерілетінін хабарлады.
Сондай-ақ негізгі басымдық қауіпсіздік пен халықаралық стандарттарға сәйкестікке берілетінін, ал қоғамдық пікір белгіленген тәртіп аясында ескерілуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!