Алматы әуежайы мен Алматы-1 теміржол вокзалын жаңғырту қарқынын Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев сынға алды, деп хабарлайды Tengri Travel үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы әуежайы
Алматыға жұмыс сапары барысында Нәлібаев әуежайға барды. Ол нысанның инфрақұрылымын дамыту жобаларының жай-күйімен, соның ішінде перрон ғимараты, ұшақтарды мұздан тазарту алаңы, жаңа жүк тұрақтары құрылысымен және ішкі рейстер терминалының реконструкциясымен танысқан.
Әуе айлағына салынған инвестиция көлемі 93 миллиард теңгеге жетті. Бұл қаржы халықаралық терминалдың жалпы ауданын 56 мың шаршы метрге дейін, ал жалпы өткізу қабілетін жылына 14 миллион жолаушыға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Жаңа терминал 2024 жылдың маусым айында пайдалануға беріліп, содан кейін ескі ғимарат толығымен ішкі рейстерге ауыстырылған.
"Алматы халықаралық әуежайы" АҚ президенті Гокер Косе TAV Airports Holding басқарушы компаниясы әуежайды дамытудың 360 млн доллар сомасындағы бес жылдық бас жоспарын бекіткенін мәлімдеді. Оған терминалдарды реконструкциялау, ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу, жерүсті техникасын сатып алу, қонақ үй, көпдеңгейлі паркинг, жүк перроны және бортындағы тамақтану нысандарының құрылысы кіреді.
Алайда бұл жобалардың іске асырылу қарқыны бірінші вице-премьер тарапынан сынға ұшырады.
"Алматы халықаралық әуежайын жаңғырту – Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі авиациялық хабтардың біріне айналдыруға бағытталған стратегиялық шешім. Алайда жұмыс қарқыны өте баяу. Алматы – туристер көп келетін, ең әсем қаламыздың бірі. Әуежай аумағындағы қаланың көркін бұзатын, туристерге жайсыздық тудыратын құрылыс жұмыстарын 1 шілдеге дейін аяқтау керек", - деді Нәлібаев.
Ол әуежай басшылығына арнайы тоқталып, әуе айлағы ауданындағы жұмыстардың созылып кеткенін және бұл жолаушылар мен туристердің шағымына себеп болғанын атап өтті.
"Әуежай маңындағы жолаушылардың, туристердің орынды сын-ескертпелеріне негіз болған, созылып кеткен жұмыстарды аяқтайтын уақыт жетті. Туристер ағыны өсетін жаз мезгілі қарсаңында жаңғыртудың қарқынын да арттырыңыздар, халықтың жағдайын назарға алыңыздар. Ал қала әкімдігі жаңғырту жұмыстарының сапасы мен дер уақытында бітуін қатаң бақылауда ұстауы тиіс", - деді ол.
Ол сондай-ақ жақын арада болған нөсер жаңбырдан кейін Алматы әуежайының халықаралық терминалын су басу оқиғасына жеке тоқталды. Бұл жағдай әлеуметтік желілерде үлкен талқыға түсіп, алматылықтар мен туристердің наразылығын тудырған болатын. Нәлібаев әуежай басшылығына олардың жұмысын бағалаудың басты критерийі әрқашан сапа екенін еске салды.
Алматы-1 вокзалы
Әуежайдан кейін Нәлібаев өткен жылдың наурыз айынан бері реконструкциялау жұмыстары жүріп жатқан Алматы-1 теміржол вокзалына барды.Жоба-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сараптама порталына жүктеу аяқталғаны туралы мәлімет берілді, бірақ ұйғарым алу 2026 жылдың 11 тамызына қалған.
"Вокзалға жаз мезгілінде тәулігіне 12 мың, ал қыста 7 мыңға жуық жолаушы келіп-кетеді. Қазір оларға жыл он екі ай қолайсыз жағдай туындаған. Жоспарланған жұмыс соңына жетпей, жолаушылар қиындық көріп жатыр. Алып шаһарда орналасқан аса маңызды нысандағы жұмыс қарқыны мүлдем сын көтермейді", - деді Нәлібаев.
Ол алда жазғы демалыс маусымы келе жатқанын, сондықтан реконструкцияны жеделдету қажеттігін атап өтті.
"Қазақстан Темір жолы" басшылығына Алматы-1 вокзалындағы жұмысты тез арада аяқтауды тапсырамын. Қала әкімдігі жұмыс барысын, қарқынын күнделікті қадағалауы керек. Бұл мәселе Үкіметтің қатаң бақылауында", - деді премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Бірінші вице-премьер мердігер компанияға жоба-сметалық құжаттаманы сараптамадан өткізу ісін жеделдетуді, жабдықтарды дер кезінде жеткізуді, қала әкімдігіне барлық жұмысты бақылауды тапсырған.