Ақтау әуежайы ұшақтың қонуына дайын болды, ал диспетчер әуе кемесінің қауіпсіз қонуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараны жедел түрде қабылдады. Бұл туралы брифингте көлік министрі Марат Қарабаев хабарлады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Қарабаев әуежайдың апаттық қызметтері ұшақты қабылдауға дайын болғанын айтты.
"Экипаж Қазақстанның әуе кеңістігіне кіргеннен кейін Ақтау әуежайы диспетчерлік қызметімен байланыс орнатты. Диспетчер әуе кемесінің аэродромға қауіпсіз қонуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды жедел түрде қабылдады.
Одан бөлек, қону алаңымен визуалды байланысты жеңілдету үшін ұшу-қону жолағының жарықтары қосылды. Экипаж Ақтау әуежайының ұшу-қону жолағына екі рет қонуға тырысты, бұл кезде ұшақтың биіктегі қозғалысында өзгерістер байқалды. Содан кейін әуе кемесі жағалауға қарай бағыт алды. Сағат 11:28-де экипажбен байланыс үзіліп, одан кейін әуе кемесі құлады", - деп түсіндірді министр.
Әуе кемесінің құлаған орнына алғашқылардың бірі болып Ақтау әуежайының құтқару қызметтері мен өңірдің ТЖД өкілдері жетіп, жедел түрде жолаушыларды эвакуациялауға кірісті, деп қосты Қарабаев.
"Бүгінде арнайы комиссияның тергеуі жүргізіліп жатыр, оның құрамына Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Көлік оқиғалары мен инциденттерін тергеу департаментінің мамандары кірді", - деді Марат Қарабаев.
Сондай-ақ брифингіде Ақтауда апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағының бортында болған барлық қазақстандықтың қаза тапқаны айтылды.
Еске салайық, 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 11:30-да Бакуден (Әзербайжан) Грозныйға (Ресей) ұшқан Azerbaijan Airlines ұшағы Ақтаудан үш шақырым жерде апатқа ұшырады. Жолаушылар ұшағы қалың тұман салдарынан Грозныйға қона алмай, әуелі Махачкалаға, кейін Ақтауға бағытталған.
Апат себебіне қатысты бірнеше нұсқа айтылды. Бір нұсқа бойынша, апатқа ұшақ пен құстар тобының соқтығысуы себеп болған. Тағы бір БАҚ бортта оттегі багы жарылғанын хабарлады. Embraer Ақтау әуежайына 3 минуттан аз уақыт қалғанда рульді басқара алмай, апатқа ұшырады.
Төтенше жағдайлар министрлігі мәліметінше, бортта 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған:
- 42 Әзербайжан азаматы;
- 16 Ресей азаматы;
- 6 Қазақстан азаматы;
- 3 Қырғызстан азаматы;
- Ұлты белгісіз екі әйел, біреуі шамамен 32 жаста, екіншісі шамамен 40 жаста.
Кейінгі мәліметтер бойынша, 29 адам аман қалған. Олар Әзербайжан, Ресей және Қырғызстан азаматтары.
Айта кетейік, алғашқы хабарлар 11:20-да келіп түскен, сол кезде Бакуден Грозныйға бағыт алған ұшақ Ақтауға жедел қону үшін сұраныс жасағаны туралы айтылды.
Грозный әуежайының баспасөз қызметі мәліметіне сәйкес, ұшақтың бағытын өзгертуге қалың тұман себеп болған. Ұшақ алдымен Махачкалаға, содан кейін Ақтауға қайта бағытталған.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!