Сенат Қазақстан мен Армения арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы заңды мақұлдады. Енді елдер "заңсыз көші-қонмен күресу" үшін азаматтар туралы деректерді алмасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сенатор Марат Қожаевтың айтуынша, тараптар мына деректерді бөліседі: адамдардың тұрғылықты жері бойынша қайда тіркелгені, олардың тұру мәртебесі (арнайы, уақытша немесе тұрақты), азаматтығы бар-жоғы.
"Бұл деректер қос азаматтықпен күрес, заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу үшін қажет. Сондай-ақ құжатта ынтымақтастықтың нақты нысандары анықталған. Келісім мүдделі тараптың сұранысы негізінде жүзеге асырылады, сонымен қатар оны орындау мерзімі 30 күннен аспауы тиіс. Сұраныста қажетті мәліметтердің тізімі мен оларды орындау тәртібі көрсетіледі", – деді Қожаев.
Сондай-ақ Қазақстан мен Армения келісті:
- статистика, құқықтық және әдістемелік ақпарат алмасу;
- екі ел аумағында жүрген азаматтар туралы мәліметтерді бөлісу;
- көші-қон мәселелерін шешуде тәжірибе алмасу және бір-біріне көмектесу.
Алайда егер сұраныс егемендікке, қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке қатысты болса немесе заңдар мен халықаралық шарттарға қайшы келсе, ел оны толықтай немесе ішінара орындаудан бас тартуы мүмкін.
Келісімді орындайтындар:
- Қазақстанда – ІІМ және Еңбек министрлігі;
- Арменияда – ІІМ.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!