Қазақстан мен Моңғолия президенттері БАҚ өкілдері үшін бірлескен брифинг өткізді. Брифинг барысында екі ел арасында жаңа әуе рейсі ашылатыны айтылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Брифинг барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Моңғолия арасындағы әуе қатынасын жандандыру маңызды болып қала беретінін атап өтті.
"Қазір "Алматы – Ұлан-Батыр" бағытында тұрақты рейстер бар. Көп ұзамай "Астана – Ұлан-Батыр" әуе қатынасы қайта ашылады. Бұдан бөлек, біз осы сапар аясындағы келіссөздер нәтижесінде "Өскемен – Өлгей" бағыты бойынша әуе қатынасын орнату жөнінде нақты келісімге келдік", - деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бұл маңызды шешімнің арқасында екі ел арасындағы ынтымақтастықодан әрі нығайып, аймақаралық байланыстар тың серпінмен дами түсері сөзсіз.
"Бұл тұста да Моңғолия елінің басшысы – құрметті Хурэлсух мырзаға және моңғол тарапынан осы мәселені шешуге атсалысқан барша азаматқа алғыс айтамын", – деді Қазақстан Президенті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!