Қазақстан мен Марокко өзара визасыз режим енгізеді. Үкіметтің тиісті қаулы жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Визасыз режим енгізу туралы келісіміне Қазақстан мен Марокко үкіметтері арасында 2024 жылдың қыркүйегінде қол қойылған болатын. Енді бұл құжатты рәсімдеу жұмыстарымен Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі айналысып жатыр.
"Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Марокко Корольдігі Үкіметі арасындағы ұлттық/жалпыазаматтық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімді бекіту жөніндегі Үкімет қаулысының жобасын әзірлеу жұмыстарын бастады", – делінген министрлік хабарламасында.
Екі ел арасында визасыз режим енгізу туралы шешім достық қарым-қатынастарды нығайту мақсатында қабылданған. Сондай-ақ, бұл Қазақстан азаматтары мен Марокко Корольдігінің жарамды ұлттық жалпыазаматтық паспорт иелерінің туризм мақсатында тиісті елдерге кіруін жеңілдетеді.
Келісім мәтініне сәйкес, Қазақстан мен Марокко азаматтарының бұл елдерде болу мерзімі олардың келген күнінен бастап 180 күн ішінде 30 күнтізбелік күннен аспауы тиіс. Сонымен қатар, әр елдің азаматтарының паспорттары қолданылу мерзімінің аяқталу күніне дейін кемінде үш ай жарамды болуы қажет.
Айта кету керек, қазақстандықтар мен марокколықтарға "іскерлік мақсатта, жұмысқа орналасу немесе оқу үшін" тиісті елге рұқсат етілген мерзімнен ұзақ уақытқа келуді жоспарлаған жағдайда, виза алу қажет болады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!