Түркістан облысында шетелдік альпинист құтқарылды, оның серігі қаза тапқан, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Түркістан облысында ауқымды іздестіру-құтқару операциясы аяқталды. Іздестіру барысында Ресейден келген 28 жастағы турист Андрей Орлов құтқарылды. Ер адам үш күн бойы құтқарушылар жеткенше ас-сусыз отырған. Ал оның досы әрі серігі, Өзбекстан азаматы, 29 жастағы Акмаль Махкамов қаза тапқан.
ТЖМ мәліметінше, 1 қыркүйекте 112 пультіне 1996 және 1997 жылы туған екі ер адамның жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Олар 31 тамызда Түркістан облысындағы тауға кеткен. Өтініш түскеннен кейін іздестіру-құтқару іс-шаралары басталғаны айтылды.
Іздеу жұмыстары Сайрамсу шыңы ауданында теңіз деңгейінен 2200 метр биіктікте, "Сайрам-Өгем" ұлттық табиғи паркі аумағында, Қасқасу ауылынан 8 шақырым жерде жүргізілген.
Құтқарушылардың бастамасы бойынша, Шымкенттегі базадан Қазақстан альпинизм федерациясының бес кәсіби альпинисті жеткізілген, олар құтқарушылармен бірлесіп іздеу және эвакуациялау жұмысын жалғастырды. Альпинистер арнайы жабдықты пайдаланып, жартастарға көтеріліп, тірі қалған бір туристті, сондай-ақ қайтыс болған адамның денесін тапты. Жәбірленуші мен марқұм төмен қарай түсірілді.
Құтқару операциясына ТЖМ жеке құрамының 18 адамы және 5 техникасы, Орман шаруашылығы, полиция бөлімшелері, Қазақстан альпинизм федерациясының альпинистері, сондай-ақ ТЖМ ұшқышсыз ұшу аппараттары мен "Қазавиақұтқару" тікұшағы жұмылдырылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!