Алда мамыр мерекелері келе жатыр, сондықтан көптеген адам туған-туыстарына сапарға шығады. Саяхатты жоспарлау кезінде пойыздарда ережелер бар екенін есте сақтаған жөн. Оларды сақтау барлық жолаушының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Tengri Travel.
"ҚТЖ" ұсынған статистикалық деректеріне сәйкес, теміржол көлігіне түсетін ең жоғары жүктеме мемлекеттік мерекелер, демалыс күндері және мектеп каникулдары кезеңіне сәйкес келеді. Бұл уақытта жолаушылар ағыны едәуір артады.
Жайлы сапар үшін мына 10 қарапайым ережені сақтау маңызды:
Билетсіз жүру
Вагонда жарамды билетсіз болуға тыйым салынады. Жолсерік оны кез келген уақытта тексеруге құқылы, ал билетсіз жолаушыны жақын маңдағы станциядан түсіріп тастауы мүмкін.
Баланы құжатсыз алып жүру
Жеке басын куәландыратын немесе ата-ана құқығын (қорғаншылықты) растайтын құжаттарсыз баланы тасымалдауға жол берілмейді. Қажетті құжаттар болмаған жағдайда, жолаушыларды пойызға отырғызудан бас тартылуы мүмкін.
Жүкті ресімдеусіз тасымалдау
Егер жүктің салмағы бір адамға 35 келіден асса, оны алдын ала төлеп, ресімдеу қажет.
Жануарларды құжатсыз тасымалдау
"Жануарларды ветеринариялық құжаттарсыз тасымалдауға тыйым салынады. Олар болмаған жағдайда жолаушыны пойызға отырғызудан бас тартылады", - деп ескертті компания.
Пойызда темекі шегу
Пойыздарда темекі шегуге тыйым салынады, бұл әдеттегі темекілерге де, электронды темекі шегу құрылғыларына да қатысты.
Себепсіз стоп-кранды қолдану
Стоп-кранды негізсіз пайдалануға тыйым салынады және бұл жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
"Бұл пойыздың қозғалыс кестесін бұзуы, басқа жолаушыларға қолайсыздық тудыруы және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін", - деп атап өтті компания.
Тыйым салынған заттарды тасымалдау
Есірткі, жарылғыш немесе өткір заттарды тасымалдауға тыйым салынады. Осындай бұзушылықтар анықталған жағдайда жолаушылар полицияға тапсырылады.
Өзін агрессивті ұстау
"Күш көрсету немесе психологиялық зорлық-зомбылықтың кез келген нысаны, соның ішінде балағат сөздер айтуға тыйым салынады. Бұл ережені бұзу жолаушыны жақын маңдағы станцияда пойыздан түсіріп тастауға әкеп соғуы мүмкін", - деп түсіндірді компания.
Пойыз қозғалып бара жатқанда шығу
Мұндай әрекеттер өмір мен денсаулыққа өте қауіпті және ережелерді бұзу болады. Тек станцияларда және арнайы есіктер арқылы шығуға болады - бұл қауіпсіздік мәселесі.
Мүлікті бүлдіру және қоқыс тастау
Вандализм, вагондарды ластау және "Жолаушылар тасымалы" (ҚТЖ-ның еншілес ұйымы) мүлкін зақымдауға тыйым салынады және бұл жолаушыны бағыттан шығарып тастауға әкеп соғуы мүмкін.
Компания бұл талаптар теміржол көлігімен жолаушыларды, жүкті және жүк-багажды тасымалдау ережелеріне сәйкес белгіленгенін еске салды.
Бұған дейін Қызылорда - Павлодар пойызының жолаушысы жолсерігіне шағымданған болатын. Оның айтуынша, купесіне агрессивті мінез көрсеткен мас ер адамды отырғызып қойған. Оқиғаға қатысты Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді.