2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы ең танымал көлік түрі аталды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2024 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында Қазақстанда барлық көлік түрімен 1,7 миллиард жолаушы тасымалданған, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,3 пайызға артық. Көлік тасымалынан түскен кірістер 1,2 триллион теңге болады. Жолаушылар айналымы 82,8 миллиард ж-км жетті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 13,8 пайызға артық.
"Жолаушылардың басым бөлігі автомобиль және қалалық көлікпен (автобустар, троллейбустар, такси т.б.) тасымалданған. 2024 жылы бұл көлік түрлерімен 1,6 миллиард жолаушы тасымалданған (жалпы көрсеткіштің 97,9 пайыз), бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 9,4 пайызға артық. Жолаушылар тасымалынан түскен кіріс 326,6 миллиард теңге болды", - делінген хабарламада.
2024 жылы теміржол көлігімен 20,8 миллион жолаушы тасымалданған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5,1 пайыз артық. Теміржол көлігімен жолаушылар тасымалынан түскен кіріс 117,6 миллиард теңге болды.
Әуе көлігімен 14,6 миллион жолаушы тасымалданған, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,6 пайызға артық. Әуе тасымалынан түскен кіріс 818 миллиард теңге болды.
"Теңіз және жағалау көлігімен 101,1 мың жолаушы тасымалданған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Бұл тасымалдардан түскен кіріс мөлшері 180,7 миллион теңге болды. Ішкі су көлігімен 231,1 мың жолаушы тасымалданды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 90,9 пайызға артық. Мұндағы кіріс көлемі – 543,1 миллион теңге".
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!