Қазақстандық әйел ұшаққа отырар алдында белгілі әуекомпания қызметкерлерінен кешірім сұрауды талап етіп, видео түсірген. Бейнежазба желіде тез тарап, қолданушылар арасында қызу талқы тудырды. Жағдайға әуекомпанияның баспасөз қызметі пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Видео
Ролик Instagram-да жарияланып, қолданушылардың назарын аударды. Кадрларда жолаушы ұшаққа отырғызу алдында әуекомпания қызметкерлерімен жанжалдасып жатқаны көрінеді. Алайда жанжалдың неден басталғаны бейнежазбада жоқ, сондықтан оның себептері белгісіз.

Компания пікірі
FlyArystan баспасөз қызметі жағдайға жауап берді. Оқиға 5 қыркүйекте болған.
"Шымкент – Астана бағытындағы FS7310 рейсінің екі жолаушысы рейске кешігіп келгенін хабарлаймыз. Олар тіркеу рәсімі 01:35-те аяқталғанына қарамастан, тіркеу орнына 01:59-да келген. Кешіккеніне қарамастан, жерүсті қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі жолаушы мен оның серігіне қолдау көрсетіп, қол жүгі мен жүріс тірегін тасымалдауға көмектесіп, бортқа дейін сүйемелдеді және ұшуға рұқсат берді", - делінген хабарламада.
Бұл ретте жолаушының серігі бірнеше рет әуекомпания қызметкерлеріне қатысты дөрекі сөздер айтып, деструктивті мінез-құлық танытқаны айтылды. Ұшақ бортының жанында жолаушы дауыс көтеріп сөйлеп, қызметкерлерді телефонға түсіруді жалғастырған.
"Жолаушыларды рейстен кешігуі мен деструктивті әрекеттері үшін рейстен түсіруге негіз болғанына қарамастан, мүмкіндігі шектеулі жолаушының жасы мен ерекше қажеттіліктерін ескере отырып, оларға ұшуға рұқсат беру туралы шешім қабылданды. Алайда осыған қарамастан, серік болған жолаушы орынсыз әрекеттерін жалғастырды, кейіннен сабыр сақтап, бортқа өтті. Нәтижесінде екі жолаушы да осы рейспен ұшып шықты", - деді ресми өкілдер.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!