Қазақстанда елдің туристік әлеуетін ілгерілету үшін шетелдік блогерлерді тартуға бюджет қаражаты бөлінбейді. Бұл туралы Kazakh Tourism ҰК АҚ басқарма төрағасы Талғат Ғазизов мәлімдеді, деп хабарлайды Tengri Travel.
Үкіметте өткен брифингте журналистер желіде АҚШ, Еуропа және Қытай блогерлерінің Қазақстан туралы роликтері жиілеп кеткенін алға тартып, мұндай сапарларға қанша қаражат жұмсалатынын сұрады.
Ғазизовтың айтуынша, ұлттық компанияның блогерлермен жұмыс істеуге арналған жеке бюджеті жоқ.
"Тревел-блогерлер жариялаған барлық жазба мүлдем коммерциялық негізде емес. Біздің ынтымақтастық моделіміз серіктестік-бартерлік негізде құрылған", - деді Ғазизов.
Ол танымал контент авторларының сапарын ұйымдастыруға туристік саланың серіктестері - қонақүйлер, мейрамханалар, туроператорлар мен әуекомпаниялар атсалысатынын хабарлады.
Компания басшысының сөзіне қарағанда, блогерлер Қазақстан үшін мақсатты нарық саналатын елдерден, соның ішінде Қытайдан, Еуропадан, Азия және ТМД мемлекеттерінен шақырылады.
"Біз бұл блогерлерді шақырамыз, жұмысты үйлестіреміз, оларды бизнес пен әуекомпаниялармен байланыстырамыз. Кейбір әуекомпаниялар бартерлік негізде блогерлерді тегін тасымалдауға келіседі, жұмыс осындай форматта жүреді. Бұған ешқандай қаражат бөлінбеген", - деді Ғазизов.
Оның айтуынша, бұл схемада "Kazakh Tourism" үйлестіруші рөлін атқарады - блогерлер мен бизнестің басын қосады, бірақ олардың сапарларын тікелей қаржыландырмайды.
Еске сала кетейік, 2024 жылы желіде қытайлық миллиондық аудиториясы бар блогерлердің Қазақстанға сапары қызу талқыланған болатын. Сол кезде "Kazakh Tourism" турды ұйымдастыру шығындарын демеушілер өз мойнына алғанын мәлімдеген еді.