Еуропа шағын қалалар мен ауылдарында халық күрт азайып жатыр. Жергілікті экономиканы жандандыру үшін Италия, Испания, Ирландия және Шотландия билігі шетелдіктерге субсидия, кәсіпке грант және тегін баспана сияқты қолдаулар ұсынады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Euronews-ке сүйеніп, ең қызықты ұсыныстарды баяндады.
Италия
Орта ғасырдан қалған Радикондоли (халқы мыңға жетпейтін) жаңа тұрғындарды тарту бағдарламасын бастады. Билік бұл іске 400 мың еуродан астам қаржы бөлген.
Қала мэрі Франческо Гуаргуальининің айтуынша, қала:
- үй сатып алуға грант,
- жасыл энергетикаға субсидия,
- студенттерге қолдау ұсынады.
Бұдан бөлек, алғашқы екі жылда үй жалдау ақысының жартысын билік төлеп беруге дайын.
Оның сөзінше, мұндағы үйлердің көбі нақты нарықтық құнын сақтаған әрі жағдайы жақсы, сондықтан жаңадан көшкендерге бірден күрделі жөндеу бастаудың қажеті жоқ.
Бағдарламаға қатысу үшін: үй сатып алғандар қалада кемінде 10 жыл, ал жалға алғандар кемінде 4 жыл тұруы керек. 2023 жылдан бері Радикондолиге шамамен 60 адам қоныс аударған - халқы мыңға жетпейтін елді мекен үшін бұл едәуір өсім.
Испания
Испанияда Астурия мен Эстремадура сияқты өңірлерді қоса алғанда, бірнеше ауыл мен аймақ та жаңа тұрғындарға сұраныс бар. Алайда мұнда қағазбастылық (бюрократиялық) рәсімдер күрделі, сондықтан көшуді жеңілдететін делдал жобалар пайда болған.
Holapueblo платформасы кәсіпкерлерді тұрғын үй, инфрақұрылым және бизнесті қолдауға дайын муниципалитеттермен байланыстырады. Қатысу үшін бизнес-идея және Испанияда тұру мен жұмыс істеуге құқық болуы қажет.
Соған ұқсас Volver al Pueblo жобасы ауылдық аймақтардағы тұрғын үй, жұмыс және жер туралы ұсыныстарды жариялап, көшу процесінен өтуге көмектеседі.
Ирландия
Ирландия ең жомарт қолдау бағдарламаларының бірін ұсынады. Our Living Islands мемлекеттік саясаты аясында билік аралдық қауымдардың халқын көбейтуді көздейді.
Үкімет материкпен көпір арқылы байланыспайтын 30 аралдың бірінен бос тұрған үйді сатып алып, қалпына келтіретіндерге 70 мың еуроға дейін (шамамен 42 млн теңге) грант береді.
Негізгі грант 50 мың еуроға дейін, ал ғимарат апатты деп танылса, қосымша 20 мың еуроға дейін (шамамен 12 млн теңге) алуға болады. Қаражатты жылуға, жөндеуге және қайта жаңғыртуға жұмсауға рұқсат, бірақ үй 2007 жылға дейін салынған болуы және кемінде екі жыл бос тұруға тиіс.
Сардиния
Сардинияда билік ауылдардың құлдырап, босап қалуына қарсы кешенді бағдарлама іске қосты. Халқы 3 мыңнан аз елді мекендерге көшетіндерге, кемінде 5 жыл тұру шартымен, үй сатып алуға не жөндеуге 15 мың еуроға дейін беріледі.
Отбасыларға қосымша төлем қарастырылған: бірінші балаға ай сайын 600 еуро (шамамен 360 мың теңге) және әр келесі балаға ай сайын 400 еуро (шамамен 240 мың теңге) - балалар 5 жасқа толғанға дейін.
Сондай-ақ жергілікті қауымдастықта жұмыс орындарын ашатын бизнес бастауға 20 мың еуроға дейін (шамамен 12 млн теңге) алуға болады.
Шотландия
Кей ұсыныстар тұрақты көшуге емес, уақытша жұмысқа қатысты. Мысалы, Шотландияның жабайы табиғат қоры Ханда аралына (Сазерленд жағалауы маңы) рейнджер іздеп отыр.
Қызметкерге тегін баспана және айына шамамен 5 мың еуро жалақы (шамамен 3 млн теңге) ұсынылады. Міндетіне теңіз құстары популяциясын бақылау және қорықтың экологиялық жағдайын қадағалау кіреді.
Дегенмен тұрмыс шарттары оқшау: азық-түлік пен тұрмыстық қызметтер үшін ауа райы қолайлы болса ғана қайықпен материкке баруға тура келеді.
Неге елдер көшіп келуге ақша төлейді?
Мұндай бағдарламалар - демографиялық және экономикалық қиындықтарға жауап. Еуропаның көптеген ауылы мен шағын қаласы халықтың көшіп кетуімен, тұрғындардың қартаюымен және жұмыс орындарының тапшылығымен бетпе-бет келіп отыр.
Қаржылай ынталандыру жас отбасыларды, кәсіпкерлерді және қашықтан жұмыс істейтін мамандарды тартудың жолы ретінде қарастырылады: олар жергілікті экономика мен инфрақұрылымды ұстап тұруға көмектеседі.
Маңызды шарттар мен тәуекелдер
Сарапшылар мұндай ұсыныстарды "тегін ақша" деп түсінбеуге шақырады. Әдетте олар ұзақ мерзім тұруды, жылжымайтын мүлікті сатып алуды немесе бизнеске инвестиция салуды талап етеді. Сонымен қатар, салықтарды, өмір сүру құнын, виза талаптарын және құқықтық міндеттемелерді де ескерген жөн.
Өтініш бермес бұрын бағдарламалардың ресми шарттарын мұқият қарап, қажет болса заңгермен немесе көші-қон маманымен кеңескен дұрыс.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!