Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің жаңа басшысы тағайындалды. Бұл қызметке Майкл Дэниел келді, - деп хабарлайды Tengri Travel.
Толығырақ мәліметті Азаматтық авиация комитеті хабарлады.
4 мамырдан бастап "Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің" бас атқарушы директоры болып Майкл Дэниел тағайындалғаны нақтыланды.
Майкл Дэниелдің бейінді авиациялық білімі бар, ол Эмбри-Риддл аэроғарыш университетін (АҚШ) "аэронавтика" мамандығы бойынша тәмамдаған және азаматтық авиация саласында 40 жылдан аса тәжірибесі бар.
"Жаңа басшының алдына қойылған басты міндеттердің бірі – Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейстер ашу", - деп түсіндірді ААК.
Қазақстаннан Нью-Йоркке рейс
Қазақстандықтардың Нью-Йоркке (АҚШ) тікелей рейстердің ашылуын күтіп жүргеніне бірнеше жыл болды. Комитетте Нью-Йоркке тікелей рейс ашудың қазіргі жай-күйі де айтылды.
"АҚШ-қа рейстерді орындау мақсатында Federal Aviation Administration бағдарламасы аясында CAT1 санатын алу талап етіледі. Қазіргі уақытта аталған санатты алу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігінің жай-күйіне техникалық бағалаудан сәтті өту үшін жыл аяғына дейін Air Astana әуекомпаниясының паркіне Boeing 787-9 әуе кемелерін жеткізу күтіліп отыр", - деді ведомстводағылар.
Бұған дейін көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров журналистерге министрлік тарапынан барлық құжат дайын екенін айтқан болатын.
"Премьер-министрдің тиісті тапсырмасы бар. Boeing-ті күтіп отырмыз", — деді ол.
Егер ұшақтар күзде Жапония бағыты бойынша келсе, Нью-Йоркке рейс жыл аяғына дейін іске қосылады деп күтуге бола ма деген нақтылауға, Қалиақпаров "иә" деп жауап берді.