29 жастағы Рами Цуканов бірнеше айдан бері Орталық Азия елдерінде затсыз дерлік және кері билетсіз саяхаттап жүр. Ол автостоппен жүріп, шатырда түнейді және табиғат көріністерін емес, жолда бейтаныс жанға көмектесетін адамдарды таспаға түсіреді. Қазір саяхатшы Қазақстанда жүр және мұндағы қонақжайлылық ол үшін жағымды жаңалық болғанын айтады, деп хабарлайды Tengri Travel.
"Өз арманымда өмір сүріп жатырмын"
Рамидің тұрақты тұрғылықты жері жоқ. Бірақ, оның айтуынша, бұл мәжбүрлі жағдай емес, саналы таңдау.
"Өмір бойы саяхаттауды армандадым, бірақ Украинадағы белгілі бір жағдайларға байланысты ол жерде бола алмаймын. Сондықтан үйге кері билетсіз, өз арманымда өмір сүріп жатырмын", - деді ол.
Рамидің мамандығы - журналист. Бала кезінен түсіруді жақсы көрген, бұл оның өмірінің мәні екенін айтады. Уақыт өте келе классикалық журналистика блогқа айналды. Бірақ бұл - белгілі бір идеясы бар блог.
"Мейірімді адамдар өз елінің көрікті жеріне айналуы тиіс"
Рами өзінің мақсаты жай ғана саяхаттаудан әлдеқайда кең екенін атап өтті.
"Бейтаныс жолаушыға мейірімділік танытатын адамдарды көрсеткім келеді. Маған жақсылық жасағандар өз елінің мақтанышы болса деймін. Өмір бойы жасаған жақсылығын жарнамаламайтын жандар өз елінің құндылығына айналса екен", - деп бөлісті ол.
Өз видеолары арқылы Рами қарапайым бір ойды жеткізуге тырысады: көмек қолын созуға дайын және саяхатшыны ашық көңілмен қарсы алатын жандарды құрметтеу керек. Ол мұны соқыр сенімдер мен стеротиптерге қарсы өзінің кішігірім күресі деп атайды.
Еуропадан Орталық Азияға дейін
Рами қазірдің өзінде ондаған елді артқа тастаған. Ол бүкіл Еуропаны дерлік автостоппен аралап шықты - Португалия, Испания, Франция, Монако, Бельгия, Нидерланды, Германия, Чехия, Австрия, Польша, Мажарстан, Румыния және Молдовада болды.
Кейін Азияға аттанып, Индонезия, Малайзия, Таиланд және Сингапурды аралады.
Екі ай бұрын ол Орталық Азия елдері бойынша жаңа саяхатын бастау үшін Өзбекстанға ұшып келді. Сол жерден автостоппен бүкіл Өзбекстанды, содан кейін Тәжікстанды, Қырғызстанды аралап, қазір Қазақстан бойынша саяхаттап жүр.
"Қонақжайлылыққа таңғалдым"
Рамидің Қазақстанда жүргеніне бір айға жуықтады. Ол бұл елдің өзін жағымды жағынан таңғалдырғанын мойындады.
"Бейтаныс адамға деген қонақжайлылыққа таңғалып отырмын. Тамақтандырып, жол бойынан көлікке салып алып, үйіне кіргізуі мүмкін. Мен үшін бұл - жағымды тосынсый", - деді ол.
Ол қазақстандықтардың қонақжайлылығын бұл сапардан алған басты әсері ретінде атайды.
Саяхатшының айтуынша, сапар кезінде айтарлықтай қиындықтар туындамаған.
"Денсаулығым сыр бермеді, сондықтан бәрі бір демде өтті. Әсіресе Орталық Азия халқы көмектескенде - қиындықта ұзақ қалуға мұрша бермейді. Сумен, тамақпен және баспанамен барынша көмектеседі", - деп атап өтті ол.
Рами барлық кездесуі мен оқиғаларын өз блогында жариялайды. Оның роликтерінің кейіпкерлері - кездейсоқ бейтаныс адамға көмектесуге шешім қабылдаған қарапайым жандар.
Алдыда - Иран, Ауғанстан және Кавказ
Саяхатшы мұнымен тоқтап қалмақ емес.
Қазір ол Иран мен Ауғанстанға виза рәсімдеумен айналысып жатыр. Одан кейін жолын Әзербайжан, Армения және Грузия арқылы жалғастыруды жоспарлап отыр.
Бұл бағыттың әзірге соңғы нүктесі жоқ. Есесіне, ол бас тартпайтын бір идея бар: бейтаныс адамға көмектесуді қалыпты іс деп санайтын адамдар туралы айту.