Сайран су қоймасынан шығып жатқан жағымсыз иіс тұрғындардың назарын аудартты. Алматылықтар мүңкіген иіске шағымданды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Тұрғындар не дейді?
Су қоймасы маңындағы бірнеше тұрғын үй кешенінің тұрғындары жағымсыз иіс күшейіп, судың лайланғанын айтады. River Time кешенінің тұрғыны Сабинаның айтуынша, отбасы жағалауда серуендеуді мүлде азайтқан.
"Иіс қазаннан бері кетпей тұр. Кей күндері мүлдем жағалауға жақындау мүмкін емес. Су сасып тұрады", – дейді ол.
Жақын маңда тұратын тұрғындар жағымсыз иістің үнемі шығып тұратынын жеткізді. 8 желтоқсанда да шағымдар түсіп жатыр.
Әкімдік пікірі
Қала әкімдігі жағдайға байланысты пікір білдірді. Алматының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы мәліметінше, биыл Үлкен Алматы өзенінің арнасындағы каскадтар қайта жаңғыртылып жатыр. Жөндеу жұмыстарына байланысты су ағысы уақытша қосымша арнаға бағытталған.
"Қазір Сайранға су каскадтар арқылы табиғи сүзгіден өтпей, тікелей құбыр арқылы келіп жатыр. Сол себепті судың жоғарғы бөлігінде табиғи тұнбалар, лай және органикалық қалдықтар көбірек жиналады. Бұл - қайта жаңғыртуға байланысты уақытша құбылыс. Жұмыстар аяқталғаннан кейін су бұрынғы арнасына жіберіліп, Сайрандағы табиғи баланс қалпына келеді. Қажет болса, қосымша тазарту жүргізіледі", – деп мәлімдеді басқарма.
Сондай-ақ, ведомство мәліметінше, Сайранның түбін көму жұмыстары жүргізілмеген. Су деңгейін төмендету жыл сайын қыс алдында жоспарлы түрде жасалатын шара.
Санитарлық тексеріс не көрсетті?
Алматының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті де жағдайға қатысты ақпарат берді. Олардың айтуынша, 2025 жылдың қыркүйегінде белсенділер тарапынан дәл осындай шағым түскен. Сол кезде Алмалы және Әуезов аудандарының мамандары оқиға орнына барып тексеріс жүргізген, алайда қандай да бір заңбұзушылық анықталмаған.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!