Қазақстандықтар Исландия немесе Жаңа Зеландия пейзаждарынан кем түспейтін ерекше жерді тапты. Бұл жолы саяхатшылардың назары Бестөбе су қоймасына ауды, деп хабарлайды Tengri Travel.
Қай жерде орналасқан және жол ұзақтығы қандай?
Қазақстандық саяхатшы Сымбат Ошанбайдың айтуынша, Бестөбе су қоймасы Алматы облысының Райымбек ауданында орналасқан. Ол Кеген өзенінің бойында, теңіз деңгейінен 1770 метр биіктікте тұр.
Алматыдан баратын жол шамамен үш сағатты алады.
"Біз көлікпен бардық, жол жалпы алғанда жақсы және қалыпты", - деп бөлісті саяхатшы.
Бестөбенің басты ерекшелігі - сұр жартастар мен ақшыл көк (бирюза) түсті судың ғажайып үйлесімі.
"Алғашқы әсерім - бұл Қазақстанда екеніңді еріксіз ұмытып кететін жерлердің бірі. Көрінісі тіпті ертегідей. Біз ол жерде мүлдем жалғыз болдық", - деді Сымбат.
Әлеуметтік желілерде бұл жер үлкен қызығушылық тудырды. Желі қолданушылары бұл көріністерді шетелдік курорттармен салыстырып жатыр.
"Өте әдемі", "Тоқтай тұрыңыздаршы, біз әлі Алматының ішіндегі саябақтарды аралап үлгермедік, ал мұнда қала сыртында да осындай жерлер бар екен", "Шетелден еш кем түспейді", "Жұртқа мұндай жерлерді көрсету қорқынышты болып кетті - келеді де, қоқыс тастап кетеді", - деп жазды пікір қалдырғандарү
Онда не апару керек?
Жолдың қашықтығы мен инфрақұрылымның жоқтығына байланысты бұл жер табиғат аясында демалуға, соның ішінде қонуға өте ыңғайлы. Сымбат сапарға, әсіресе кемпинг жоспарланса, алдын ала дайындалуға кеңес берді.
"Жердің жабайылығын және ауа райының құбылмалылығын ескере отырып, өзіммен бірге шатыр, үстел, орындықтар, алғашқы көмек қобдишасын, қолшам, ыдыс-аяқ, шәйнек, таба, газ баллонын, міндетті түрде су мен тамақ алар едім", - деді ол.
Қыздың айтуынша, бұл маңда мобильді интернет жақсы ұстайды, сондықтан пауэрбанк ала келген пайдалы. Сонымен қатар маңайда дәмханалар, дүкендер мен қонақүйлер жоқ, сол себепті тек өз қорыңызға сену керек.
"Біз тамақтануға отырғанда жаңбыр жауды, сол кезде шатыр алмағанымызға өкіндік. Бақытымызға орай, жаңбыр қатты жауған жоқ", - деді Сымбат Ошанбай.