Қызылорда – Павлодар пойызында түнде жанжал шығарған жолаушыға 86 500 теңге айыппұл салынды. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде қызу талқыланған болатын. Жолаушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды, - деп хабарлайды Tengri Travel.
Сот шешімі
Сот кабинетінде жарияланған материалдар бойынша, оқиға 2026 жылғы 26 сәуірде түнде Қызылорда – Павлодар бағытындағы жолаушылар пойызының №9 вагонында болған.
Сот ер адам купеде жолаушы әйелге балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғанын анықтады.
Отырыс барысында ол кінәсін мойындап, әйелден кешірім сұрады.
Сот дәлелдеме ретінде жәбірленушінің арызын, тараптардың түсініктемелерін, желілік полиция қызметкерінің рапортын және әкімшілік хаттаманы зерделеді.
Сот оның іс-әрекетін ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша ұсақ бұзақылық деп таныды. Құқық бұзушылықтың алғаш рет жасалғанын ескере отырып, ер адамға 20 АЕК мөлшерінде - 86 500 теңге айыппұл салынды.
Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ және апелляциялық тәртіппен шағымдануға болады.
Жанжал туралы не белгілі?
Еске сала кетейік, бұған дейін Қызылорда – Петропавл пойызына баласымен мінген жолаушы Threads желісінде эмоцияға толы жазба жариялаған болатын. Оның айтуынша, 26 сәуірге қараған түні купедегі мас көршісі оған тиісіп, тіл тигізген. Ол полиция шақырғанымен, қорыққандықтан әрі шаршағандықтан ешқандай шағым жоқ деген қағазға қол қойып берген. Кейіннен ол ойын өзгертіп, қайта арыз түсірді.