Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды трактор таптап тастаған

ПОДЕЛИТЬСЯ

Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды трактор таптап тастаған Сурет нейрожелі көмегімен жасалған

Әлеуметтік желілерде Түркістан облысында түсірілген видео қызу талқыланып жатыр. Бейнежазбада трактордың Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін Грейг қызғалдақтары өсіп тұрған алқаптан өтіп бара жатқаны бейнеленген. Бұл кадрлар желі қолданушылары арасында пікірталас тудырды: бірі өсімдіктерге залал келгеніне наразы болса, енді бірі жүргізушіні жақтады. Tengri Travel Түркістан облысы әкімдігі мен Полиция департаментіне хабарласып, мән-жайды анықтады.


Әлеуметтік желілерде Түркістан облысында түсірілген видео қызу талқыланып жатыр. Бейнежазбада трактордың Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін Грейг қызғалдақтары өсіп тұрған алқаптан өтіп бара жатқаны бейнеленген. Бұл кадрлар желі қолданушылары арасында пікірталас тудырды: бірі өсімдіктерге залал келгеніне наразы болса, енді бірі жүргізушіні жақтады. Tengri Travel Түркістан облысы әкімдігі мен Полиция департаментіне хабарласып, мән-жайды анықтады.

Не болды?

Желіде жарияланған кадрларда трактор Грейг қызғалдақтары арасында адамдар суретке түсіп жатқан учаске маңындағы алқапта жүріп бара жатқаны көрінеді.

Бұл видео желі қолданушыларының жедел реакциясын тудырды. Кейбір пікір қалдырушылар сирек кездесетін өсімдіктерге зақым келтіргені үшін қатаң жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

"Бір гүл үшін миллиондаған айыппұл салса, мына жерде миллиардтаған гүл жойылды емес пе?", "Заң алдында бәрі тең емес пе?", "Қаншама гүл шығын болды", - деп жазды желі қолданушылары.

Пікір білдірушілердің тағы бір бөлігі жер иесін жақтады. Олардың пайымдауынша, техника егістік жиегін өңдеп, аумақты өрттен қорғау мақсатында қолданылуы мүмкін.

"Бұл өрт қауіпсіздігі мақсатында ордың шетін өңдеу ғой", "Тек гүл өсіп тұр екен деп егістікті өңдеусіз қалдыруға болмайды, олар кез келген жерде өсе береді", "Өз жері, өзі біледі", - деді пікір жазушылар.

Әкімдік не дейді?

Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі видеодағы учаскенің жеке меншікте екенін хабарлады. Ведомство ақпаратына сәйкес, бұл жерге ауыл шаруашылығы дақылдары, атап айтқанда бидай егілген.

"Алайда, қызғалдақтарды көруге келетін адамдардың егістік алқаптарына рұқсатсыз кіріп, жерді бүлдіру және өнімге зиян келтіру қаупін тудыруына байланысты, жер иесі құқық қорғау органдарына тиісті арызбен жүгініп, өз учаскесіне апаратын жолды уақытша жапқан", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Келушілерге автокөліктерін жол жиегіне қалдырып, гүлдерге жаяу бару ұсынылды.

"Сондай-ақ материалдық шығын келтірген азаматтардың жасаған әрекеті үшін жауапкершілікті өз мойнына алмайтынын атап өткен жөн. Тұрғындар мен қонақтарды ресми ақпарат көздері мен БАҚ арқылы жеке меншікке құрметпен қарауға және белгіленген ережелерді сақтауға шақырамыз", - деді әкімдіктегілер.

Полиция не деді?

Түркістан облысы полиция департаменті қызғалдақтарды жұлу фактілері бұған дейін тіркелмегенін хабарлады. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары видеодағы жағдайдың мән-жайын зерттеп жатыр.

"Біз жағдайды анықтап жатырмыз", - деп қысқа қайырды ведомство өкілдері.

Қандай жауапкершілік қарастырылған?

Бұған дейін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті сирек кездесетін өсімдіктерді жұлғаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын түсіндірген болатын. Ведомство Қазақстанның Қызыл кітабына өсімдіктердің 387 түрі енгенін және Грейг қызғалдағы осы тізімде екенін еске салды.

Мұндай өсімдіктерді жұлуға, зақымдауға, тасымалдауға немесе сатуға заңмен тыйым салынған.

"Сирек кездесетін өсімдіктерді жинау, жою, зақымдау, сондай-ақ заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау және өткізу қылмыстық жауапты іс-әрекеттерге жатады", - деп хабарлады комитет.

Жаза ауыр болуы мүмкін:

  • 3000 АЕК-ке (12 975 000 теңге) дейін айыппұл;
  • түзеу жұмыстары;
  • бас бостандығын шектеу;
  • үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру.

Ерекше табиғат қорғау құндылығы бар сирек түрге жататын бір ғана гүлді жұлғаны үшін де жауапкершілік туындауы мүмкін.

TengriTravel
;