Үндістанның IndiGo әуекомпаниясы Алматы, Тбилиси, Баку және Ташкент бағытындағы рейстерін тоқтатты. Бұл туралы компания X желісіндегі ресми парақшасында мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Компания не деді?
IndiGo бұл шешімін Иран төңірегіндегі жағдайдың ушығуымен және аймақтағы әуе кеңістігі тәртібінің өзгеруімен түсіндірді. Тасымалдаушының айтуынша, рейстер кестесі жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі үшін қайта қаралып отыр.
"Жағдай өзгеріп жатқандықтан, жоспарымыз үнемі бақылауда болады. Қандай да бір жаңарту не өзгеріс болса, оны байланыс арналарымыз арқылы хабарлаймыз. Сабыр сақтап, түсіністік танытқандарыңызға және сенімдеріңізге алғыс айтамыз", – делінген компания мәлімдемесінде.
Бұған дейін де әуекомпания 26, 27 және 28 қаңтарға жоспарланған Дели – Алматы, Тбилиси, Ташкент, Баку бағыттары бойынша рейстерді тоқтатқан еді.
Жолаушыларға не ұсынылды?
- билетті басқа (балама) рейске ауыстыру;
- ақшасын толық қайтарып алу.
Өзгерістерді әуекомпанияның ресми сайты арқылы рәсімдеуге болады.
Неге рейстер тоқтатылып жатыр?
Еске салайық, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі қазақстандық әуе компанияларына Иран аумағының үстімен, сондай-ақ, оның әуе кеңістігіне жақын аймақтарда ұшуға тыйым салған. Бұл шектеу ұшу қауіпсіздігіне байланысты тәуекелдердің күшеюіне байланысты енгізілді.
Әкімшілік барлық рейс ықтимал қауіпті аумақты айналып өтетінін, шешім алдын алу мақсатында қабылданғанын және жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты. Шектеулер арнайы бұйрық шыққанға дейін күшінде болады.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!