Үржар әуежайы жөндеуден кейін қандай болатыны белгілі болды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Үржар әуежайы жөндеуден кейін қандай болатыны белгілі болды Фото:depositphotos.com

Биыл Үржар әуежайының терминалын жаңғырту жұмыстары басталады. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengri Travel.


Биыл Үржар әуежайының терминалын жаңғырту жұмыстары басталады. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengri Travel.

Министрдің сөзінше, жаңғыртудан кейін терминалдың ауданы 2300 шаршы метр болып, оның өткізу қабілеті сағатына 70 жолаушыға жетеді.

Ол өз сөзінде әуежай реконструкциядан кейін қандай болатынын да көрсетті.

Бұған дейін 24.kz ақпараты бойынша, жұмыстар қолданыстағы терминал ғимаратына жүргізілетіні хабарланған болатын. Бұл ретте оның ауданын жаңа қосалқы нысандар есебінен кеңейту жоспарланбаған - негізгі екпін қолданыстағы нысанды жөндеу мен жаңғыртуға түседі.

"Мердігер анықталды, авторлық және техникалық қадағалау тағайындалып, келісімшарттар жасалды. Қазір рұқсат беру құжаттары рәсімделіп жатыр. Бұл жолы нысанның ауданы ұлғайтылмайды – қолданыстағы ғимаратқа жөндеу жүргізіледі", - деді Үржар ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы Ернат Жұмашев журналистерге.

Үржар әуежайы 1974 жылдан бері жұмыс істейді және жолаушыларға жыл бойы қызмет көрсетеді. Дегенмен негізгі жүктеме Алакөлдегі туристік маусым басталатын жаз айларына сәйкес келеді. Әдеттегі уақытта рейстер аптасына екі-үш рет орындалса, жазда ұшақтар күн сайын ұшады.

Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін әуежайдың өткізу қабілеті артып, өңірге келетін туристер ағыны көбейеді деп күтіледі. Бұған дейін жарияланған болжамдар бойынша, демалушылар саны төрт есеге дейін артуы мүмкін.

Бұл ретте, қазіргі реконструкция бірнеше жылдан бері жүргізіліп жатқан әуе айлағын жаңарту бойынша ауқымды жұмыстардың жалғасы болмақ. 2022 жылы әуежайда ұшу-қону жолағы жаңғыртылып, оның ұзындығы екі есеге ұзартылды. Сол кезде диспетчерлік ғимаратта жұмыстар жүргізіліп, су құбыры мен электр желілерін қоса алғанда, инженерлік жүйелер жаңартылған болатын.

Тағы бір жылдан кейін әуежайда заманауи жарық сигналдық жабдықтар орнатылды. Осының арқасында әуе айлағы түнгі уақытта рейстерді қабылдау және жөнелту мүмкіндігіне ие болып, тәулік бойы әуе қатынасын қамтамасыз етуге жол ашылды.

Бұған дейін жүргізілген жұмыстарға қарамастан, Үржар әуежайы әзірге Airbus және Boeing сияқты ірі жолаушылар ұшақтарын қабылдамайды. Қазіргі уақытта мұнда Ан-24 және Як-40 әуе кемелерімен рейстер орындалып жатыр.

Тағы оқыңыз: Қорғаста 250 миллиард теңгеге әуежай салынбақ: жоба қай кезеңде?

TengriTravel
;