Биыл 8 ақпанда малайзиялық AirAsia әуекомпаниясының D7221 рейсі техникалық ақауға байланысты бағытын күрт өзгертіп, Аустралияның Брисбен қаласына мәжбүрлі қонды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі travelandtourworld.com сайтына сілтеме жасап.
Істің мән-жайы
Ұшақ Сиднейден Куала-Лумпурға бағыт алған. Ұшып шыққаннан кейін шамамен екі сағаттан соң экипаж бортта төтенше жағдай барын білдіретін халықаралық дабыл белгісін (distress) жіберген.
Ұшуды бақылау сервистерінің мәліметінше, белгі жергілікті уақытпен шамамен 21:00-де тіркелген. Кейін Airbus A330 ең жақын ірі әуежай Брисбенге бет бұрған.
Хабарламада ұшақтың Квинслендтің орталық бөлігі үстінде күрт бұрылғаны, кейін әдеттегі круиз биігі шамамен 34 000 футтан 10 000 футқа дейін төмендегені айтылған.
Әуекомпания не деді?
AirAsia өкілдерінің айтуынша, ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай экипаж салондағы қысымға қатысты ескерту тіркеген.
Компанияның мәлімдеуінше, қысым қауіпсіз деңгейде болғанымен, капитан ұшу қауіпсіздігі талаптарына сай Брисбен әуежайына мәжбүрлі қону туралы шешім қабылдаған.
Қазір ұшақ Брисбенде тұр: мамандар техникалық тексеріс жүргізіп, ақаудың нақты себебін анықтап жатыр. Халықаралық рейстерге қызмет көрсететін әуежай уақытша D7221 рейсінің жолаушылары үшін транзиттік пунктке айналған.
Әуежай қызметкерлері AirAsia өкілдерімен бірге жолаушылардың әрі қарай ұшуын ұйымдастырып, рейстерді қайта брондаумен айналысып жатыр.
Контекст
Бұған дейін Air Astana Әуекомпаниясының Алматы – Бангкок бағытымен ұшқан ұшағы Делиге мәжбүрлі қонғаны туралы жазылған. Оқиға 18 желтоқсанға қараған түні, KC931 рейсінде болған.
Жолаушылардың айтуынша, ұшу кезінде оң жақ қозғалтқыш маңынан тарсыл естіледі, ұшақ төмендей бастаған, салонда күйік иісі шыққан. Экипаж лайнерді жедел түрде Делиге қондырған. Кейін жолаушыларды шамамен екі сағаттан астам бортта ұстап, ұшақта ақау барын хабарлаған.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!